
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
🏫Мектеп – ұлттың болашағы қалыптасатын қасиетті орда. Ал сол ордада шәкірт тәрбиелеп, білім беріп, бағыт-бағдар көрсететін тұлға – ұстаз. Ұстаз болу – жүрек қалауымен таңдалатын, маңдайға жазылған ұлы міндет. Осындай жауапты міндетті абыроймен атқарып келе жатқан білікті мамандардың бірі – Әйтеке би ауданындағы Т.Г.Шевченко атындағы жалпы орта білім беретін мектептің математика пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Саршина Алия Махатайқызы.
📄Алия Саршина 1968 жылы 7 ақпанда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы Қарабұтақ ауылында дүниеге келген. 1975-1985 жылдары Т.Г.Шевченко атындағы мектепте білім алып, мектепті аяқтаған соң, 1985 жылы Ақтөбе педагогикалық институтының «Математика және информатика пәндерінің мұғалімі» мамандығына түсіп, жоғары білім алады. Еңбек жолын өзі білім алған мектептен бастап, осы күнге дейін сол білім ұясында шәкірт тәрбиелеп келеді.
🧩Ұстаздық жолда үнемі ізденіс үстінде жүретін Алия Саршина кәсіби құзыреттілігі жоғары, заманауи білім беру үдерісіне бейімделген жаңашыл педагог. Ол оқушылардың танымдық қабілетін, шығармашылығын дамытуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде ұйымдастырып келеді. Оның жетекшілігімен дайындалған шәкірттері бірнеше мәрте облыстық және республикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, түрлі марапаттарға қол жеткізген.
📜Алия Махатайқызы тек пән мұғалімі ғана емес, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары педагог. 1997 жылдан бері мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, кейін оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып, мектептің оқу-тәрбие ісін жүйелі ұйымдастыруға зор үлесін қосты. Ол білім сапасын арттыру бағытында аянбай еңбек етті.
📃Ұлағатты ұстаздың еңбегі де ескерусіз қалған жоқ. 2017 жылы Ақтөбе облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен, 2023 жылы Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен, 2024 жылы Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хатымен марапатталған. Сонымен қатар, облыс әкімінің 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сертификатына ие болған. Ұлттық олимпиада және зияткерлік сайыстарда жеңімпаздар тәрбиелегені үшін республикалық деңгейдегі алғыс хаттармен, дипломдарымен марапатталған.
📂Жоғары кәсіби деңгейімен, адами қасиеттерімен, әріптестер мен ата-аналар арасындағы зор беделімен ерекшеленетін Алия Саршина шын мәніндегі өз ісінің шебері. Бүгінде ол – жас мамандарға үлгі, шәкірт жүрегінен жол тапқан парасатты ұстаз, тәжірибелі педагог.
Ақтөбе облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-