
КӘСІПОДАҚ – ЕҢБЕКТІҢ ҚАДІРІН БІЛЕТІН, ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚТЫ ҚАСТЕРЛЕЙТІН ҰЙЫМ
Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы Жұмысшы мамандығы жылы аясында еңбек майданының қарапайым қаһармандарына – білім саласының кәсіподақ мүшелеріне Алакөлдің жағасындағы «Тұран» базасында ұмытылмас демалыс сыйлады.
Бұл шара – Шығыс Қазақстан облысы бойынша білім беру саласында еңбек етіп жүрген, көбіне көзге көрінбейтін, бірақ жұмысы өте маңызды қарапайым еңбек адамдарына деген үлкен құрметтің белгісі. Кәсіподақ ұйымының бұл қадамы – жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, олардың еңбегін бағалауға бағытталған игі іс. Алакөлдің керемет табиғаты аясында ұйымдастырылған демалыс, еңбек адамдарының жаңа күш-жігермен жұмысқа қайта оралуына септігін тигізері сөзсіз.
Әр ауданнан келген еден жуушыдан бастап, күзетші, тәрбиешінің көмекшісі, вахтерге дейінгі сан алуан мамандық иелерін демалыс базасында ШҚО жергілікті кәсіподағының төрағасы Н.Касенова жүрек жарды тілегімен қарсы алып, жолдамалар мен тосын сыйлар табыс етті.
Н.Касенова өз сөзінде, қарапайым жұмысшылардың еңбегінің маңыздылығын атап өтіп, олардың атқарып жатқан қызметінің қоғам үшін қаншалықты қажет екендігін жеткізді. Сонымен қатар, мұндай шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтып, кәсіподақ мүшелерінің әл-ауқатын жақсартуға бағытталған жұмыстар үнемі жүргізілетінін айтты.
Бұл – еңбектің қадірін білетін, қарапайымдылықты қастерлейтін кәсіподақ ұйымының ерекше ықыласының көрінісі.
Шығыс Қазақстан облыстық кәсіподақ ұйымы
-
Фото
-