
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Әдіскер – білім беру саласында бағыт-бағдар беріп, педагогикалық үдерісті саралап, оны жетілдіру жолдарын ұсынатын кәсіби маман. Мұндай іскер мамандардың бірі – Шалқар аудандық білім бөлімінің әдіскері Кубеева Малика Сәкенқызы.
1987 жылы Шалқар қаласында дүниеге келген Малика Сәкенқызы 2004 жылы №2 мектеп-гимназиясын тәмамдап, 2008 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін аяқтады. Еңбек жолын Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде тарих пәнінің мұғалімі ретінде бастап, жеті жыл бойы шәкірт тәрбиеледі. 2015 жылдан бері аудандық білім бөлімінде әдіскер қызметін абыроймен атқарып келеді.
Малика Сәкенқызы кәсіби ізденістің, үздіксіз дамудың, білім мен тәжірибенің маңызын жақсы түсінеді. Ол білім саласындағы түрлі деңгейдегі конференциялар мен семинарларға белсене қатысып, тәжірибесін үнемі жаңартып отырады. Атап айтқанда, «Отбасы және мектептің әлеуметтік серіктестігі: дәстүрлер мен инновациялар» атты халықаралық конференцияға, сондай-ақ «Құндылыққа негізделген білім – қауіпсіз болашақ кепілі» атты республикалық конференцияға қатысып, білімін шыңдады.
Оның іс-тәжірибесі Назарбаев зияткерлік мектебі мен Педагогикалық шеберлік орталығы ұйымдастырған «Креативті педагог: пәндерді оқытуда заманауи әдіс-тәсілдерді қолдану» семинарында таратылып, кәсіби ортада оң бағасын алды. Сонымен қатар, ол «Балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру жолдары» атты облыстық семинарда және «Адал азамат» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша кейс-сессияларда тәжірибе алмасып келеді.
Малика Сәкенқызы – тек тәжірибелі әдіскер ғана емес, сонымен бірге қаламы жүйрік, ойы ұшқыр маман. Оның мақалалары республикалық және облыстық басылымдарда жиі жарияланып тұрады. Атап айтқанда, «Білімді ел», «Ақтөбе» және «Шалқар» аудандық газетінде білім мен тәрбие мәселелеріне арналған мазмұнды мақалалары жарық көрген.