
ЕҢБЕК АДАМЫ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ
Жұмысшы мамандықтары десек еңбек атаулының ауырын да, жеңілін де місе тұтпайтын, құрыш білекті жандар көз алдымызға келеді. Расында да, «Жұмысшы маман», «Еңбек адамы» деген кім өзі? Алдымен осы ұғымдардың аражігін ажыратып көрелік. Біз бұл жандарды күн сайын жолықтырамыз, ауыр жұмысты арқалап, қажырлы еңбек етіп жүргенін көреміз. Жұмысшы маман кәсіби білім алған, өз мамандығын жетік меңгеріп, істің көзін тапқан білікті азамат. Мәселен, арнайы оқуын оқымай, машықтанбаған адам дәнекерлеуші бола алмайды. Демек, кәсіби білім нәрімен сусындап, белгілі бір мамандықты шебер игерген адамды жұмысшы мамандығының иесі дейміз. Ал еңбек адамына аула сыпырушыдан бастап, еден жуушы, көпшілік тамақтанатын асханадан мейманханаға дейінгі қоғамдық орындарды тазалаушы жандар да жатады. Әрине, бұл олардың еңбегін кемсіту емес, қайта қоғамға жайлы орта сыйлап отырған қарапайым жандарға деген құрмет. Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшының қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын көп қырлы процесс. Бұл тек дәнекерлеушілер, монтажшылар немесе құрылысшылар ғана емес, сондай-ақ қоғамдық тамақтану саласының өкілдері, аспазшылар да бар.
Осындай мәртебелі мамандықтың иесі – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды орта мектебі жанындағы «Балдырған» шағын орталығының аспазы Малшыбаева Айжан Бекқызы.
Жұмыстың сан түрін атқарған Айжан Бекқызы 2008 жылы Маралды орта мектебіне қамту қызметкері болып қабылданды. Мектептің тазалығына жауапкершілікпен қарап, ұжымында сыйлы болды. 2014 жылы өзінің қалауымен аспаздық курсты тәмамдап, Маралды орта мектебі жанындағы шағын орталыққа аспазшы болып орналасты. Еңбекке ептілік керек-ақ. Осы салада біршама жылды артқа тастап, дәмді тағамның түр-түрін жасап, нағыз өз ісінің шебері атанған Айжанды бүлдіршіндер де, ата-аналар да жақсы көреді, құрметтейді.
Сонымен қатар ол өте өнерлі жан. Мектебіміздің, ауылымыздың абыройын асқақтатып, түрлі байқауларға қатысып, өзінің әсем қоңыр дауысымен ән шырқайды, кез келген қоғамдық жұмысқа бар өнерін салып қатысады. Отбасында бақытты ана, ардақты әже деген атқа лайық жан. Қадылбек екеуі үш қыз, бір ұлды өмірге әкеліп, өсіріп жеткізді. Қыздары тұрмыста, үшеуі де жоғары білімді, түрлі салада қызмет етеді.
Мамандық таңдау адамның болашағын айқындайтын маңызды шешім. Ал нағыз маман өз ісінің шебері, ұлттың тірегі.
2025 жылдың «Жұмысшы мамандықтар жылы» болып аталуында үлкен мән бар. Бұл — еңбек адамына деген құрмет, жұмысшы мамандығының абыройын асқақтату. Ендеше, әрбір еңбек адамына алғыс айтып, олардың еңбегін бағалауды үйренейік.
Шығыс Қазақстан облыстық жергілікті кәсіподағы