
ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА МІНДЕТТЕР ПЫСЫҚТАЛДЫ
2025-2026 жаңа оқу жылының қарсаңында Қызылорда облысының Қармақшы, Жалағаш және Сырдария аудандарында 11–13 тамыз күндері бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағаларына арналған көшпелі семинар өтті.
Бұл семинар кәсіподақ қызметінің жаңа деңгейге көтерілуіне, төрағалар арасында тәжірибе алмасуға және кәсіподақтың әлеуметтік маңызын арттыруға бағытталған алаң болды.
Семинар жұмысы кәсіподақ комитетінің төрағасы Есқалиева Гүлнар Бабабекқызының мазмұнды баяндамасымен басталды. Ол 2025–2026 жаңа оқу жылы қарсаңында кәсіподақ ұйымдарының алдында тұрған басым бағыттарға тоқталып, өткен оқу жылында атқарылған жұмыстарға кеңінен талдау жасады. Сонымен қатар, бастауыш ұйым төрағаларына нақты ұсыныстар мен бағыт-бағдар берді.
Аудандық комитет төрағалары кәсіподақтың жергілікті жерлердегі рөлі, қызмет барысындағы өзекті мәселелер мен жетістіктер туралы баяндап, алдағы жоспарларын ортаға салды.
Семинардың практикалық бөлігінде кәсіподақ ұйымының қызметін жан-жақты дамытуға арналған баяндамалар ұсынылды:
«Бастауыш кәсіподақ ұйымының тиімді жұмысы: төрағаның рөлі мен міндеттері» тақырыбында облыстық кәсіподақ комитеті төраға орынбасары Нұргүл Сабырқызы баяндама жасап, кәсіподақ төрағасының көшбасшылық қабілеті, бастамашылдығы мен құқықтық жауапкершілігі жайлы нақты мысалдармен бөлісті.
«Еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестік және ұжымдық қатынастар» тақырыбында комитеттің заңгері Хамит Мұратұлы сөз алып, еңбек заңнамасындағы соңғы өзгерістер мен кәсіподақтың қызметтік құқықтық негіздерін жан-жақты түсіндірді.
«Кәсіподақтың рөлі әлеуметтік желіде» тақырыбында комитет маманы Асылбек Рахметұлы қазіргі ақпараттық заманда кәсіподақ ұйымының имиджін қалыптастыру, жұртшылықпен ашық байланыс орнату мен цифрлық сауаттылықты арттыру жолдарын ұсынды.
Семинар барысында қатысушылар:
• кәсіподақ жұмысын тиімді жоспарлау әдістерімен танысты;
• құқықтық сауаттылықтарын арттырды;
• кәсіби қарым-қатынас орнату жолдарын меңгерді;
• бір-бірімен өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Көшпелі семинар бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағалары үшін тек оқыту алаңы ғана емес, сонымен қатар кәсіби ынтымақтастықтың, жаңашыл идеялар мен нақты тәжірибелердің ортақ алаңы болды.
-
Фото
-