
ЖАМБЫЛДА ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Тараз қаласының орталығындағы «Баласағұн» ОКЗ-да жаңа оқу жылының басталуын білдіретін педагогтардың дәстүрлі Тамыз кеңесі өтті. «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» тақырыбында өткен жиынға ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова, облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, құқық қорғау органдарының және басқарма басшылары, педагогтар мен сала ардагерлері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері мен ата-аналар қатысты.
Жиында алғашқы болып ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова құттықтау сөз сөйледі. Ол мемлекет тарапынан ұстаздарға көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып, жаңа оқу жылының басты бағыттарын түсіндірді. Мұнан соң Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев аймақтың білім саласында жеткен жетістіктері мен алдағы міндеттерді айқындап, жамбылдық ұстаздар мен оқушылардың жарқын жетістіктеріне жоғары баға берді. Әкім өз сөзінде педагогтердің қоғамдағы мәртебесін де назардан тыс қалдырмады.
– Бүгінгі басқосу – жай ғана дәстүрлі жиын емес, бұл – ұлт болашағына ортақ жауапкершілікті бірге арқалап, үлкен мұрат жолында ой тоғыстыратын тағылымды кеңес. Сіздердің еңбектеріңіз ертең ел игілігіне айналады. Сондықтан әр сабақ, әр сөз, әр іс – тәрбиелік мәнге, адамгершілік мазмұнға толы болуы тиіс, – деп сөзін қорытындылаған Ербол Қарашөкеев жаңа оқу жылының ұстаздар мен оқушылар үшін табысты болуын тіледі.
Кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршубеков 2024-2025 оқу жылының қорытындыларын жасап, жаңа кезеңнің басым бағыттарын жариялады. Ол білім сапасын жетілдіру, жаңа технологияларды енгізу, педагогтердің кәсіби деңгейін арттыру және оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуға ерекше мән берілетінін атап өтті.
Іс-шара барысында білім саласының өзекті мәселелеріне қатысты баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының Вице-президенті Анар Тәңірбергенова «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының нәтижелері мен алдағы жоспарларына тоқталса, Назарбаев Университетінің постдокторанты Азамат Ешмұхамбетов білім берудегі жасанды интеллект тақырыбын көтерді. Ал білім саласының сарапшысы, оқулықтар мен бағдарламалардың авторы Руслан Қаратабанов оқу бағдарламаларының мазмұны мен дидактика мәселелеріне жан-жақты талдау жасады. «Бетқайнар» колледжінің директоры Гүлнар Әлімбаева техникалық және кәсіптік білім беру саласын халықаралық стандарттарға сәйкестендірудің маңыздылығына тоқталды.
Тамыз конференциясы марапаттау рәсімімен қорытындыланды. Білім беру жүйесін дамытуға қосқан үлесі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін бірқатар сала қызметкері ҚР Оқу-ағарту министрінің, облыс әкімінің «Білім беру ісінің құрметті қызметкері», «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерімен, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталды.
Тараз қаласы Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиясы «Орта білім беретін үздік ұйым» грантын жеңіп алып, 68 млн теңгелік сертификатқа ие болды. Ал осы байқауға қатысуда белсенділік танытқаны үшін Меркі ауданы А.Асқаров атындағы мектеп-гимназиясы «Шығармашылық зертхана» номинациясымен марапатталып, 1 млн тг. сертификатқа ие болды.
Конференция барысында облыстағы білім беру ұйымдарының қызмет сапасы мен тиімділігін бағалаудың қорытынды нәтижелері жарияланып, үздік шыққан мекемелер арнайы марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «Білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» рейтингі бойынша «Ең үздік мектеп-лицей» номинациясымен Сарысу ауданы М.Әуезов атындағы мектеп-гимназия; «Ең үздік инновациялық мектеп» номинациясымен Байзақ ауданы Ғ.Мұратбаев атындағы гимназия; «Ең үздік қала мектебі» номинациясымен Шу ауданы Төле би атындағы орта мектебі; «Ең үздік ауыл мектебі» номинациясымен Т.Рысқұлов ауданы Ақтоған шағын орталықты орта мектебі; «Ең үздік шағын жинақталған мектеп» номинациясымен Қордай ауданы М.Смағұлов атындағы шағын орталықты орта мектебі марапатталды.
Барлық жеңімпаздарға Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподақ ұйымының қаржылай 1 млн. теңге сертификаттары табысталды.
Ал «Жұмысшы мамандығын даярлайтын үздік колледж» байқауының қорытындысы бойынша Жергілікті кәсіподақ ұйымының 1 млн теңгелік сертификатына №9 Меркі колледжі лайық деп танылды. Екінші орын Жамбыл политехникалық колледжіне (750 мың тг) тиесілі болса, үшінші орынмен Құлан агротехникалық колледжі (500 мың тг) марапатталды.
Сонымен қатар, «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары қызметтерінің тиімділігін бағалау» нәтижесінде «Үздік ауылдық мектепке дейінгі ұйым» номинациясында Жамбыл ауданындағы «Ертөстік» бөбекжай-бақшасы; «Үздік қалалық мектепке дейінгі ұйым» номинациясында Тараз қаласындағы №17 бөбекжай-бақшасы жеңімпаз атанып, әрқайсысы Жергілікті кәсіподақтың 1 млн теңге көлеміндегі сертификатқа ие болды.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-