
ҚАРҒАЛЫДА КӘСІПОДАҚ ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІҢ НЕГІЗГІ КҮШІ РЕТІНДЕ АТАЛДЫ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов Қарғалы ауданына жұмыс сапары барысында Тамыз кеңесіне қатысып, кәсіподақ тарапынан көрсетілетін қолдау шараларын атап өтті. Аталған ұйым өкілі өз сөзінде бұл қолдаулардың кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, еңбек құқықтарын қорғауға және кәсіби дамуына бағытталғанын ерекше айтты. Сөз соңында ол салалық кәсіподақтың «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін Қарғалы аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Дүйсеноваға табыс етті. Сондай-ақ бірқатар кәсіподақ мүшелері облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен, аудандық кәсіподақ ұйымының шипажайға жолдамаларымен марапатталды.
Сапар аясында Айжарық Серімбетов бірқатар білім беру мекемелерінде болып, Өнер мектебіне, Бадамша №2 орта мектебіне, сондай-ақ «Балапан» және «Айгөлек» балабақшаларына барды.
Кездесулерде бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысы зерделеніп, оларға әдістемелік қолдау көрсетілді. Сонымен қатар, қоғамдық бақылау шаралары жүргізіліп, еңбек жағдайлары мен ұжымдық шарттардың орындалу барысы талқыланды.
Мекеме басшыларымен өткен әңгімелесулерде әлеуметтік әріптестік аясындағы келісімдерге енгізілген міндеттемелердің орындалуы қаралды. Ұйым өкілі еңбек ұжымдарының құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдауды күшейту және қызметкерлердің кәсіби мүдделерін қорғау бағытында бірқатар ұсыныстарын жеткізді.
-
Фото
-