
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: АСХАНАНЫҢ АСПАЗ ЖҰЛДЫЗЫ
Білім ордасының берекесін келтіріп, дастарханын дәмге толтырып жүрген – Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы «Қойтас негізгі орта мектебі» КММ аспазы - Хайруллина Рашида.
Қысқа ғана уақыт ішінде Рашида өз ісіне деген жауапкершілігімен, тыңғылықтылығымен ұжымның сеніміне кіріп, құрметіне бөленді. Әрбір әзірлеген тағамы тіл үйірер дәмді, көңілге қонымды әрі асқан сүйіспеншілікпен жасалған. Асханада әрдайым жайдары, жылы атмосфера сезіліп тұрады.
Хайруллина Рашида – тек өз ісінің хас шебері ғана емес, асыл жар, үлгілі ана, ардақты әже. Жұбайы Хайруллин Қуаныш екеуі төрт баланы тәрбиелеп, өсіріп, өмірге қанат қақтырған. Балалары – өнегелі, тәрбиелі азаматтар мен азаматшалар. Бүгінде немерелерінің қызығын көріп, шаңырақтары шаттыққа толып отыр. Жұмыс пен отбасылық тірлікті қатар алып жүрген сабырлы, еңбекқор жан.
Мектеп ұжымы үшін Рашида – асхананың шынайы жұлдызы. Оның адал еңбегі мен кәсіби шеберлігі көптің алғысына лайық. Рашида жүрекпен жұмыс істейтін, жанымен берілген аспаз. Ол Қойтас мектебінің шуағы, ас үйдің берекесі.
Шығыс Қазақстан облысы жергілікті кәсіподағы