
КӘСІПОДАҚ «МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» НАУҚАНЫНА БЕЛСЕНДІ ҚАТЫСУДА
Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін “Мектепке жол” республикалық акциясы 2025 жылдың 1 тамызынан басталып, 30 қыркүйекке дейін жалғасатыны белгілі. Бұл игі бастама – жаңа оқу жылына дайындық кезеңінде қолдауды қажет ететін отбасыларға нақты көмек көрсетуге бағытталған.
Аталған акция аясында Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы белсенділік танытып, бастауыш және аудандық кәсіподақ ұйымдарының қолдауымен кәсіподақ мүшелерінің балаларына көмек көрсетті. Атап айтқанда, балаларға мектепке қажетті сөмкелер, оқу құралдары, мектеп формасы сатып алынып, кейбір кәсіподақ мүшелерінің отбасыларына ақшалай көмек те ұсынылды. Бұл қолдау – кәсіподақ ұйымының білім саласында еңбек ететін қызметкерлерге деген жанашырлығы мен әлеуметтік жауапкершілігінің жарқын көрінісі.
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымы алдағы уақытта да осындай әлеуметтік бағыттағы іс-шараларға белсенді түрде қатысып, салалық қызметкерлер мен олардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.