
ТАМЫЗ ЖИЫНЫ: ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА СЕРПІН МЕН ТҰРАҚТЫ ҚОЛДАУ
Жаңа оқу жылының қарсаңында Ақтөбе облысының Әйтеке би, Шалқар және Мәртөк аудандық ұйымдарының қолдауымен дәстүрлі Тамыз жиыны өтті. Биылғы конференция “Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман” тақырыбында ұйымдастырылып, ұстаздар қауымын, ардагер педагогтарды, жергілікті билік өкілдері мен кәсіподақ жетекшілерін бір арнаға тоғыстырды.
Жиында білім бөлімдерінің басшылары өткен оқу жылының қорытындысын ұсынып, жаңа оқу жылындағы басым бағыттар мен енгізілетін өзгерістерге тоқталды.
Шара барысында ұстаздардың қажырлы еңбегі ерекше аталып, түрлі марапаттар мен сыйлықтар табысталды. Зейнеткер ұстаздарға құрмет көрсетіліп, Құрмет грамоталары ұсынылды. Сонымен қатар мектеп басшылары мен белсенді педагогтар аудандық, облыстық деңгейдегі Алғыс хаттарға ие болып, кәсіподақ тарапынан қаржылай қолдау және шипажайға жолдамалар берілді.
Басқосуда кәсіподақ мүшелерінің кәсіби және қоғамдық еңбегі ескеріліп, салалық кәсіподақтың “Әлеуметтік әріптестікті дамытудағы еңбегі үшін”, “Сала қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген айрықша еңбегі үшін”, “Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін” төсбелгілері табысталды.
Осылайша, дәстүрлі Тамыз жиыны жаңа оқу жылына бағыт-бағдар берумен қатар, ұстаздар еңбегін дәріптейтін тағылымды мерекеге айналды.
-
Фото
-