
ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҰЖЫМДАРМЕН АШЫҚ ДИАЛОГ
2025-2026 оқу жылының қарсаңында Орал қаласы білім беру бөлімі басшысы мен Орал қалалық комитеті - филиалы төрағасы Т.Темешев Орал қаласындағы білім беру ұйымдары педагогикалық ұжымдарымен кездесулер өткізді.
Кездесу бекітілген кестеге сәйкес 18 – 22 тамыз аралығында №21 орта мектептен басталып, №3, А.Макаренко атындағы №6, №45 орта мектептерде, М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейінде, №35 мектеп-лицейі мен Вальдорф бағытындағы мектеп-гимназиясында жалғасты. Әр білім ордасының басшысы өз мектебінің контингенті, материалдық-техникалық базасы, жетістіктері мен педагогикалық құрам туралы таныстырылым жасап, даму бағытымен бөлісті.
Бұл кездесудің мақсаты - Білім беру ұйымының ішкі ахуалын терең зерделеу, педагогтермен ашық диалог орнатып, ұсыныс-пікірлерін тыңдау арқылы нақты мәселелерді анықтап, басқарушылық шешімдер қабылдау. Сонымен қатар, әр мектептің ерекшелігі мен оң тәжірибелерін айқындау арқылы тиімді басқару мен қолдауға бағытталған жүйелі жұмыс жүргізу.
Кездесулер барысында кәсіподақ жұмысының басым бағыттары барлық деңгейлерде әлеуметтік әріптестікті нығайту және дамыту болып табылатындығына басты назар аударылды, соның арқасында салада білім саласы қызметкерлерінің көптеген мәселелері шешілуде.Сонымен қатар, Т.Темешев педагогтар еңбек демалысында шыққанда сауықтыру жәрдемақысы нақты жүктемеге сай төленетіндігі, біліктілігін арттыру курсынан өткен кезде жалақысы жүктемесіне сай толық көлемде сақталатындығы, педагогтердің жұмыс уақыты туралы түсіндірді.
Салалық кәсіподақ өкілдеріне ұстаздар тарапынан алғыстар айтылды. Кездесуге келгендер осындай жиындардың пайдалы екендігін тілге тиек етті. Қызметкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарына жауаптарын алды. Бұл кездесулер алдағы аптада да өз жалғасын табады.