
ЖУАЛЫДАҒЫ ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ
Еліміз бойынша «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» күн тәртібімен өтіп жатқан дәстүрлі Тамыз кеңесі Жамбыл облысы Жуалы аудандық мәдениет үйінде өтті. Білім саласы қызметкерлері үшін жаңа оқу жылының басындағы маңызды алқалы жиынға аудан басшылығы, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, білім саласының ардагерлері, білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары, педагогтер қатысты. Қонақтар жиын басталмас бұрын тақырыптық және жаңа кітаптардың көрмесін тамашалады.
Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Жалғас Мұртаза білім додаларында жетістікке жетіп жүрген шәкірттерді тәрбиелеудегі ұстаздардың еңбегіне тоқтала келе, аудан мұғалімдерінің мәртебелерінің биіктеп, абыройларының арта беруіне тілектестік білдіріп, жаңа оқу жылымен құттықтады. Ал өткен оқу жылының жетістіктері мен алдағы міндеттер туралы аудандық білім бөлімінің басшысы Бақыт Шертаева баяндама жасады.
Жиынға арнайы қатысқан Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерұлан Мағзымбеков өз сөзінде Президенттің бастамалары, салалық заңнамалық өзгерістер, жергілікті кәсіподақтың атқарған нақты жұмыстары туралы айтты.
- Біз педагогтың қоғамдық имиджін арттыруға бар күшімізді салу керекпіз. Педагог мәртебесі жалақының көтерілуімен ғана артпайды. Сондықтан да, Президент балаларға қатысты оқыс жағдайларға мұғалімдерді негізсіз кінәлау фактілерін тоқтатуды ұсынып, «Педагог мәртебесі туралы» заңға мұғалім құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажеттігіне баса назар аударғаны қуантады. Барша әріптестерге жаңа оқу жылында шығармашылық шабыт, толайым табыс тілеймін! Білім мен тәрбиенің негізін қалаушы, болашақ ұрпақты тәрбиелеуші ұстаздарға табандылық серік болғай!, - деді Ерұлан Сәбенұлы құттықтау сөзінде.
Бұдан бөлек жиында «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында қызметке тағайындалған №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназия директоры Жанболат Орынбек пен №1 Ш.Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның педагогы Балжан Даулова баяндама жасап, озық тәжірибелерімен бөлісті. Олардың баяндамалары білім беру саласындағы жаңашылдықтарды енгізу, оқу-тәрбие процесін жетілдіру және оқушылардың білімге деген қызығушылығын арттыру мәселелеріне арналды.
Тамыз кеңесі білім саласының өркендеуіне үлес қосып, үздіксіз нәтиже көрсете білген бірқатар ұстаздар қауымын ҚР Оқу-ағарту министрлігінің, Жамбыл облысы және Жуалы ауданы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаттарымен, Жергілікті кәсіподақ ұйымының, облыстық білім басқармасының грамоталарымен марапаттаумен жалғасты.
Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы.
-
Фото
-