
САРҚАНДА ДӘСТҮРЛІ ТАМЫЗ КЕҢЕСІ ӨТТІ
Жаңа оқу жылы қарсаңында білім саласының дамуын бағамдап, алдағы міндеттерді айқындау мақсатында аудан ұстаздары бас қосты.
Алқалы жиынға аудан әкімдігі мектеп директорлары мен ұстаздар, мемлекеттік мекеме басшылары мен ата-аналар комитетінің мүшелері қатысты.
Аудан әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы өз сөзінде: «Сарқан – талай дарынды тұлғаларды тәрбиелеп шығарған қасиетті өңір. Бүгінгі ұстаздардың еңбегі – ауданымыздың болашағын айқындайтын басты құндылық. Білім – ел ертеңін қалыптастыратын ең қымбат қазына» – деп атап өтті.
«Оқу - ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Сарқан аудандық филиалының төрағасы Ермек Шапиянұлы құттықтау сөз сөйлеп, ұзақ жылдар білім саласында қызмет еткен Мұрат Оспанов пен Болат Шакировке Салалық кәсіподақтың «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісін табыс етті. Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебі ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Анар Қалабаеваға Орталық комитеттің Құрмет грамотасымен марапаттады.
Кеңес барысында ұстаздар мен сала мамандары аудан әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты, сондай-ақ бірқатар білім беру ұйымдары Алғыс хаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, Сарқан қаласындағы Н.Островский атындағы гуманитарлық-экономикалық мектеп-лицейі еліміздегі «Үздік 100 мектеп» қатарына еніп, «Үздік мектеп-2025» дипломымен марапатталды.
Аудан мектептері арасында үздіктер анықталып, жалпы білім беретін мектептер, шағын жинақты мектептер және балабақшалар арасында І, ІІ, ІІІ орындар белгіленіп, иегерлеріне арнайы марапаттар табысталды.
Бұл жетістіктер ұстаздар еңбегіне берілген әділ баға ғана емес, бүкіл Сарқан ауданының білім саласындағы жүйелі жұмысының жемісі.
Оқу - ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі Сарқан аудандық филиалы