
«МЕКТЕПКЕ ЖОЛ» ЖАЛҒАСУДА
Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Қоңырау үні әне-міне дегенше сыңғырлауға дайын. Осы аралықта ата-аналар балаларын мектепке дайындайды. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына арнайы «Мектепке жол» акциясы ұйымдастырылады. Еліміз бойынша дәстүрге айналған қайырымдылық шарасы бүлдіршіндердің жүзіне күлкі, көңіліне демеу болар игі бастама.
Аталған жобаға «Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы» ҚБ Панфилов аудандық филиалы белсене араласып, төрағасы Мақытбек Тұрлыбековтың бастамасымен кәсіподақ мүшелерінің 15 баласына көмек көрсетілді.
«Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында биыл біз білім саласының кіші қызметкерлеріне көңіл бөлдік. Көмекті қажет ететін отбасыларды анықтап, оқу жылы қарсаңында оқушыларға қажетті құрал-жабдықтары мен киімдерін алып бердік. Бұл бастама әлі де жалғасатын болады»,-деді төрағасы Мақытбек Әділұлы.
Балалардың болашағына сенім ұялататын маңызды әлеуметтік бастама әлі де жалғаспақ.
Жетісу облысы, Панфилов аудандық кәсіподақ филиалы