
БІЛІМ МЕН БІРЛІККЕ ҮЛЕС ҚОСҚАН ҰСТАЗ
Бүгінгі таңда шәкірт тәрбиелеумен қатар әріптестерінің әлеуметтік құқықтарын қорғауда да белсенділік танытып жүрген ұстаздар бар. Солардың бірі – математика пәнінің мұғалімі әрі бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Құрашов Арыслан Алда-Оңғарұлы.
Арыслан Алда-Оңғарұлы 2017 жылдан бері М. Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернатында жұмыс істеп келеді. 2022 жылдың қазан айынан бастап осы білім ордасында бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының міндетін атқарып, сала қызметкерлерінің әлеуметтік мәселелерін шешуге белсене атсалысуда.
Ұстаздың кәсіби біліктілігі мен еңбегі түрлі марапаттармен дәлелденіп келеді. Ол «Математика, физика пәндерінен заманауи білім берудегі тиімді әдіс-тәсілдер» республикалық семинарының сертификатына ие болып, «Мектеп жасына дейінгі балалардың шығармашылық зерттеу белсенділігін дамыту» және «Қазіргі оқу процесіндегі ұлттық құндылыққа негізделген тиімді әдіс-тәсілдер» тақырыбындағы семинарларда тәжірибе бөліскені үшін Алғыс хаттармен марапатталды. 2024 жылы «Fact & Real for teachers» шығармашылық олимпиадасында II орын алып, ҚР Оқу-ағарту министрінің Алғыс хатына ие болды. Ал 2025 жылы «Олимп шыңына жетелеуші» және «Математика озаты» байқауларында II дәрежелі дипломдарды жеңіп алды, сондай-ақ халықаралық IMPACT олимпиадасында III (2024 ж.) және II орындарға (2025 ж.) қол жеткізді.
Жуырда өткен облыстық тамыз конференциясында өңірдің білім сапасын арттыруға қосқан үлесі үшін Ақтөбе облысы әкімінің Алғыс хаты мен қаржылай сыйақысына ие болды.
Кәсіподақ ұйымының төрағасы ретінде ол әріптестерінің мүддесін қорғап қана қоймай, олардың кәсіби дамуына, шығармашылық белсенділігін арттыруға да жағдай жасауға атсалысуда. Ұстаздық пен қоғамдық істі қатар алып жүру арқылы жас мамандарға үлгі болып келеді.