
ЕҢБЕККЕ – ҚҰРМЕТ, МАМАНҒА - МАРАПАТ
Еліміздің болашағы – сапалы білім мен кәсіби білікті мамандардың қолында екені сөзсіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, еңбек адамының мәртебесін көтеру, олардың еңбегін бағалау мен қолдауды басым бағыттардың біріне айналдырды.
Осыған орай, жаңа оқу жылы қарсаңында Қызылорда облысы, Қазалы ауданында білім беру саласында қажырлы еңбек етіп келе жатқан бірқатар сала қызметкерлерін марапаттау рәсімі өтті. Марапат иелеріне Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаты, Облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты, Қазалы ауданы бойынша білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің біріккен Алғыс хаты табысталды.
Бұл тек құрмет көрсету ғана емес, ел ертеңін тәрбиелеп, білім ордасының тыныс- тіршілігін қамтамасыз етіп отырған әрбір қызметкерге деген ризашылықтың нақты көрінісі. Марапаттарға ие болған ұлағатты ұстаздарымыз бен кіші қызметкерлердің есімдері білім саласындағы ерен еңбектің, кәсіби шеберлік пен жауапкершіліктің лайықты бағалануының белгісі.
Осы орайда марапат иелерін құттықтап, алдағы жұмыстарыңызға шығармашылық табыс, сарқылмас шабыт, мықты денсаулық тілейміз!