
ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҚТАР ЖЫЛЫ: МЕКТЕП ҰЖЫМЫНЫҢ АБЫРОЙЛЫ МҮШЕСІ
Жұмысқа деген адалдығы мен жауапкершілігі арқылы мектеп ұжымының сый-құрметіне бөленіп жүрген жан – Сәдуақасова Мүслима Қатиқызы. Ұқыптылығы, еңбекқорлығы және кез келген істі тиянақты атқаруы – оның бірегей қасиеттерінің бірі. Әрдайым жайдарлы жүзімен, ашық көңілімен ерекшеленетін апай ұжым арасында сыйлы да абыройлы жан.
Мүслима апай 2009 жылдан бері «Асусай мектеп-балабақша кешені» КММ-де жұмысшы болып қызмет етеді. Аталған мекемеде еңбек ете жүріп, тазалық пен тәртіптің үлгісін көрсетіп келеді. Қандай жұмыс тапсырылса да, тиянақты орындап, ұжым мүшелеріне әрдайым көмек қолын созуға дайын тұрады.
Өмірлік серігі Зарықбай ағамен бірге отбасын құрып, тәрбиелі бес перзентті өмірге әкеліп, ұлағатты ұрпақ өсірді. Бүгінде сол ұл-қыздары үйлі болып, Мүслима апай немерелерінің шат күлкісіне бөленіп отыр. Ұрпағының қызығына кенеліп, өнегелі ана, ақ жаулықты әже атанған абзал жан — нағыз қазақ әйеліне тән мейірім мен даналықтың иесі.
Мектеп ұжымы Мүслима апайдың қажырлы еңбегін, жауапкершілігін және жылы жүрегін әрдайым жоғары бағалайды. Алдағы уақытта да апайымызға денсаулық, отбасының амандығын, ұзақ та мағыналы ғұмыр тілейміз! Еңбегіңіздің жемісін көріп, әр күніңіз шаттыққа толы болсын!
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы