
ЖАС ҰСТАЗДЫҢ ЖЕТІСТІГІ
Ақтөбе облысы, Темір ауданы Шұбарқұдық гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі, кәсіподақ мүшесі Қайранова Әдемі Маратқызы үлкен арманын жүзеге асырды. Ауылдан шыққан жас ұстаз қажырлы еңбектің арқасында АҚШ-тың ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Boston University Wheelock College of Education & Human Development магистратурасына (грантпен) қабылданды.
Әдемі Қайранованың таңдаған бағыты – TESOL & Applied Linguistics (Ағылшын тілін оқыту және қолданбалы лингвистика). Ол бұл жетістікке Қазақстанның ең беделді халықаралық жобасы – «Болашақ» халықаралық стипендиясы арқылы қол жеткізді.
Бұл жеңіс тек жеке жетістік емес. Бұл ауылдан шыққан мұғалімнің, кәсіподақ мүшесінің еңбегі мен табандылығының жемісі. Қай жерде өмір сүретінің емес, кәсібіңе адалдық пен үздіксіз ізденіс жетістікке бастайтынын көрсеткен үлгі.
Шұбарқұдықтағы қарапайым мектептен бастап, оқушыларға білім мен тәрбие беріп жүрген Әдемі Маратқызы ауыл ұстазының да әлемдік деңгейге көтеріле алатынын дәлелдеді. Ол үшін қалада туып-өсу шарт емес, бастысы өз ісіңді сүйіп, дамудан тоқтамау.
Әдемі Қайранованың жетістігі ауылдағы жас буынға ғана емес, әріптестеріне де үлкен мотивация. Оның табандылығы мен кәсіптік адалдығы жас ұстаздар үшін үлгі, «мүмкін емес» деген ойдан арылудың нақты дәлелі.
Бүгін Шұбарқұдықтан шыққан кәсіподақ мүшесі, жас ұстаз Бостонға қадам басты. Ал ертең дәл осындай жолды басқа әріптестер мен шәкірттер жалғастырары анық…