
ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданындағы «Самал» бөбекжай-бақшасының тәжірибелі де абыройлы тәрбиешісі Төлеуғали Арайлым Жанатқызы – өз ісіне адалдығымен, жауапкершілігімен, балаларға деген шексіз сүйіспеншілігімен танылған жас мамандардың бірі.
Арайлым Жанатқызы 2015 жылы қыркүйек айында еңбек жолын «Самал» бөбекжай-бақшасында тәрбиеші болып бастады.
Бүгінде ол аталмыш мекемеде он жылдан бері үздіксіз қызмет атқарып келеді. Өз ісін жетік меңгерген, іскер де білікті маман ретінде танылған. Мінезі қарапайым, еңбекқор әрі ұжымда беделді. Әріптестерімен және ата-аналармен тіл табыса біледі, жас мамандарға үнемі қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөліседі.
Арайлым Төлеуғалидің басты мақсаты – бүлдіршіндердің шығармашылық қабілетін шыңдау, өзіндік танымдық дағдыларын дамытып, сапалы білім беруге жол ашу.
Кәсіби шеберлігі мен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол кәсіби шеберлігімен танылып, түрлі деңгейдегі байқаулар мен семинарларда жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Мұғалжар ауданының білім бөлімінен бірнеше мәрте Алғыс хат иеленіп, аудандық «Үздік вариатив» байқауында жүлделі орынға ие болды. Сондай-ақ облыстық олимпиадада үздіктер қатарынан көрініп, республикалық «Абай оқулары» шығармашылық байқауында шәкірт тәрбиелегені үшін марапатталды. Республикалық «Педагог – шығармашыл тұлға» сайысында І дәрежелі дипломға қол жеткізсе, Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының Құрмет грамотасымен де марапатталды.
Өз ісіне берілген, кәсіби шеберлігін ұдайы жетілдіріп отыратын Арайлым Жанатқызы өскелең ұрпаққа өнеге боларлық тәрбиеші. Ол – «Жас келсе – іске» деген қағиданы ісімен дәлелдеп келе жатқан жас маман.