
ЕҢБЕК АДАМЫ
Адамның қоғамдағы еңбегі – оның болмысының, өмір мәнінің көрінісі. Еңбекке адалдық, кәсібіне беріктік пен шәкіртке деген жанашырлық – нағыз ұстазға тән қасиет. Осындай асыл қасиеттерді бойына сіңіріп, бар ғұмырын жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беруге арнаған жанның бірі – Ақтөбе облысындағы Ж.Жүсібалиев атындағы Ойыл қазақ орта мектебінің биология пәнінің мұғалімі Дабылова Сағыныш Жарқынбайқызы.
Сағыныш Дабылова 1999-2000 оқу жылынан бастап осы мектепте еңбек етіп келеді. Жалпы педагогикалық өтілі – 33 жыл. Жоғары білімді, зерттеуші, ізденімпаз педагог ретінде ол әр сабағын шәкірттер үшін қызықты, пайдалы әрі нәтижелі өткізуге ұмтылады.
Жылдар бойы жинаған тәжірибесінің арқасында ол өз пәнінің шебер маманы ретінде танылып, оқушыларын биология ғылымына баулып келеді. Ұстаз еңбегінің басты жемісі – шәкірттерінің жетістігі.
Сағыныш Дабылованың тәлім-тәрбиесін алған оқушылар аудандық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарында жүлделі орындарға ие болып жүр.
Айнұр Оразалиева, Индира Аманжолова, Гаухар Абатқызы, Ару Жұмашева, Мөлдір Өзбекова сияқты шәкірттері білім додасында топ жарып, ұстаз еңбегін абыроймен ақтап келеді. Әсіресе 2019–2025 жылдар аралығында оқушыларының жеткен табыстары оның қажырлы еңбегінің айқын дәлелі болды.
Сағыныш Жарқынбайқызы тек шәкірт тәрбиелеумен шектелмей, өзінің кәсіби деңгейін арттыруға да ерекше көңіл бөледі. Педагогикалық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, облыстық семинарларда тәжірибесімен бөлісіп жүр. Ол «Оқушылардың биологиялық және оқу сауаттылығын, креативті ойлауын дамыту», «STEM білім беруді дамытудың ғылыми-әдіснамалық негіздері» секілді заманауи курстардан өтіп, білім беру ісіндегі жаңа үрдістерді өз тәжірибесіне енгізуде.
Сағыныш Жарқынбайқызы – мектептегі кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі. Ол ұжымдағы ұйымшылдықты нығайтуға, әріптестерінің құқықтары мен мүдделерін қорғауға тұрақты атсалысып келеді. Әділдігімен, жауапкершілігімен әріптестеріне үлгі болып, мектепішілік іс-шараларда да белсенділік танытады.
Сағыныш Дабылова – еңбектің шынайы құнын бағалай білетін, өз ісіне адал, шәкірт жүрегіне жол таба білген ұлағатты ұстаз. Оның бар өмір жолы жас ұрпаққа арналып отырған өлшеусіз еңбек. Нағыз еңбек адамы деген атқа лайық жан – осындай болса керек…