
КІТАПТЫҢ АТАУЫ – «ЖАҚСЫ АДАМ»
Дәл осындай атаумен жарық көрген кітаптың кейіпкері – ұзақ жылдар аймақтағы кәсіподақ қозғалысының белсенді көшбасшысы болған, ардагер ұстаз Аманкелді Кәрімұлы Айбосынов.
Ол 1940 жылы Астрахан облысы, Краснояр ауданы, Забузан селосында туған. 1964 жылы Гурьев педагогикалық институтын бітіреді. 1964 – 1975 жылдары Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында, Астрахан облысы Володар аудандарында мұғалім болып еңбек еткен. 1975 – 1982 жылдары Гурьев қалалық атқару комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды. 1982–1988 жылдары облыстық кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы, облыстық кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары, 1988–1990 жылдары білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің Атырау облысы бойынша кәсіподақ ұйымдастырушысы және 2014 жылға дейін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 2016 жылға дейін осы ұйымның маманы қызметтерін абыроймен атқарған.
«ҚР білім беру ісінің үздігі» белгісінің иегері, ҚР кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақтарға сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапатталған. ҚР білім беру қызметкерлері VIII-XII съездерінің, ҚР кәсіподақтар Федерациясының XVIII-XXII съездерінің, ҚР мұғалімдер және ғылым қызметкерлерінің I-шi съезінің делегаттығына сайланған.
Кітапта еңбек адамдарының заңды құқығын қорғауда және әлеуметтік жағынан қолдау жолында салалық кәсіподақ ұйымының жұмысында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты азаматтың өнегелі өмірі мен қызметі туралы деректі құжаттар, әріптестері мен замандастарының естеліктері, фотосуреттер жинақталған.
«Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің баспаханасында басылған «Жақсы адам» атты кітапты «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы мен қызы Юлия Айбосынова құрастырған.
Атырау облыстық ұйымы