
ЖАС МАМАННЫҢ ЖЕҢІСІ МЕН ЖЕМІСІ
Данияда өткен кәсіби шеберліктің IX Еуропалық чемпионаты EuroSkills Herning 2025 – Қазақстан үшін тарихи оқиғаға айналды. Ұлттық құрама тұңғыш рет бірден жеті «Үздік медальонға» қол жеткізіп, ел абыройын асқақтатты. Бұл – жас мамандардың табандылығы мен еңбегінің, сондай-ақ колледждер мен оқытушылардың қажырлы еңбегінің жемісі.
Әсіресе, ақтөбелік жас маман – Бағыжан Қойшыбаевтың жеңісі біз үшін ерекше қуаныш. Бағыжан Арманұлы Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде бағдарламашы-техник болып жұмыс істейді. Ол «Графикалық дизайн» құзыреттілігі бойынша үздік атанды. Бұл жеңіс – тек бір адамның емес, тұтас өңірдің, ұстаздардың, ата-аналардың және еңбек адамына қолдау көрсетіп жүрген барша қауымның ортақ табысы.
Айта кетейік, чемпионатқа 32 елден 600-ге жуық жас маман қатысып, түрлі сала бойынша бақ сынады. Қазақстандықтар веб-технологиялардан бастап дәнекерлеу ісіне дейін, мехатроникадан мейрамхана сервисіне дейінгі 25 құзыреттілікте өнер көрсетті.
Қазақстандық жас мамандардың осындай биіктерді бағындыруы – болашағымызға деген сенімді арттырады. Олардың халықаралық деңгейде мойындалуы барша ұстаздар қауымы мен еңбек ұжымдарының ортақ еңбегінің нәтижесі.