
ЕҢБЕК АДАМЫ
«Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер!» деп қазақ бекер айтпаған. Халқымыздың даңқты перзенті, батыр Бауыржан Момышұлы «Ұстаз — ұлық емес, ұлы міндет» деген. Осы міндетті абыроймен атқарып келе жатқан жандардың бірі – Ақтөбе облысы Қобда ауданындағы Бегалы негізгі мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Меңдіғалиева Салтанат Қожаденқызы.
Саналы ғұмырын білім беру саласына арнап келе жатқан ұстаз балалардың сауаттылығын арттырып, ептілікке баулуды басты мақсат деп біледі.
Оқушыларымен жұмыс жасауды жан-тәнімен сүйетін ол – тәжірибелі сынып жетекші, педагог-сарапшы, бірнеше әдістемелік құралдың авторы. Мінезі ашық, іскер, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары ұстаздың шәкірттері облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орындарға ие болып жүр.
2023-2024 оқу жылынан бастап бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Функционалдық сауаттылыққа бағытталған есептерді шешу» тақырыбындағы шеберхананың мүшесі. Облыстық және аудандық семинарларда өз тәжірибесімен бөлісіп, әріптестері үшін үлгі болып жүр.
Салтанат Қожаденқызының шәкірттері «NIO.kz» олимпиадасында жеңімпаз атанып, облыстық «Есірткісіз болашақ» шығармашылық байқауында да топ жарды. Сондай-ақ «Зерде» зерттеу жұмыстары мен ғылыми жобалар байқауларында, облыстық «Дарын» және республикалық пәндік олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Бұл – ұстаз еңбегінің айқын нәтижесі.
Шәкірт тәрбиелеудегі табысты еңбегі үшін ол Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Құрмет грамотасымен, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен бірге кәсіподақ ұйымының қолдауымен Бурабайдағы шипажайда демалып, Түркістан өңіріне саяхат жасауға мүмкіндік алды
Салтанат Меңдіғалиева мамандыққа деген махаббатын еңбекпен дәлелдеген, мектеп мәртебесін көтеріп жүрген ардақты ұстаз. Алдағы уақытта да талай шәкіртті тәрбиелеп, биік белестерге жетелейтініне сенім мол.