
ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз – болашақ ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, білім мен тәрбиенің дәнін себетін, елдің ертеңін қалыптастыратын тұлға. Нағыз ұстаздың еңбегі шәкірт жетістігімен өлшеніп, оның жүрегінен шыққан әрбір сөзі баланың өмірлік азығына айналады. Осындай абыройлы мамандық иелерінің бірі – бастауыш сынып мұғалімі, педагог-сарапшы Бердешова Гүлсім Орынбасарқызы. Қазіргі таңда ол Шалқар ауданындағы І.Үргенішбаев атындағы жалпы орта білім беретін мектепте қызмет атқарып, кәсіби шеберлігімен және жаңашылдығымен танылып жүр.
Гүлсім Бердешова 2004 жылдан бері білім беру саласында үздіксіз еңбек етіп келе жатқан оның педагогикалық еңбек өтілі бүгінде 21 жылға жетті.
Ұстаздың еңбегі мен ізденісі әртүрлі марапаттармен бағаланған. Ол облыстық кәсіподақ ұйымының “Құрмет грамотасына”, “Өрлеу” ұлттық орталығының Алғыс хатына ие болды. 2024 жылы аудандық “Үздік бастауыш сынып мұғалімі” байқауында ІІІ орын, облыстық “Үздік эссе” байқауында І орын, 2025 жылы республикалық “Ең үздік сабақ жоспары” байқауында І орын иеленді.
Гүлсім Орынбасарқызы шәкірт тәрбиелеуде де үлкен табыстарға жетуде. Оның оқушылары облыстық пәндік олимпиадаларда, “Зерде” ғылыми жобалар байқауында, республикалық “Ақбота”, “Мың бала”, “Smart оқушы”, “Kids Star” сияқты білім бәйгелерінде жүлделі орындарға ие болып жүр.
Бердешова Гүлсім Орынбасарқызы ізденімпаздығы мен табандылығының арқасында аудан, облыс көлемінде танылған, шәкірттеріне өнеге болып жүрген ұлағатты ұстаз.