
МЕРЕКЕЛІК ШАРА ҚАРТТАР КҮНІНЕ АРНАЛДЫ
1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн – аға буын өкілдеріне құрмет көрсетіп, оларға ерекше назар аударуға арналған. Ардагерлеріміздің өмірлік тәжірибесі мен даналығы – өскелең ұрпақ үшін рухани байлықтың қайнар көзі, сабыр мен парасаттың, төзім мен тағылымның үлгісі.
Ардагер ұстаздар - біздің тарихымыздың шынайы куәсі, өмір жолының өнегелі шежіресі.
Қызылорда қаласы бойынша білім бөлімі және қалалық білім қызметкерлері кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен Н.Ильясова атындағы №9 мектеп-гимназиясында Қарттар күніне арналған «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» атты мерекелік шара өткізілді.
Шара барысында Батыр, қоғам қайраткері Нағи Ильясовтың рухына бас иіп, тағзым етілді, 1 минут үнсіздік жарияланды. «Нағитану» жобасы қонақтарға таныстырылды. Абайдың «Толық адам» ілімі негізінде құрылған бастауыш сынып оқушыларының әдеби-қойылымы көрсетілді.
«Ардагерлер бөлмесін» ашу рәсімімен жалғасқан салтанатты шарада облыстық, қалалық ардагерлер кеңесі төрағалары, төраға орынбасарлары, «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметкерлері және қалалық білім бөлімінің басшысы Абдазиева Гулзира Мажитовна, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Байымбетов Мылтықбай Мұстафаұлы 80-85 мерейлі жасқа толған ұстаз ардагерлері мен өмірлік жолдары құрметке толған білім мекемелерінің ұстаз ардагерлерін марапаттады. Қалалық кәсіподақ комитеті тарапынан сый-сияпаттар табыс етілді.
Қонақтар мен ардагер ұстаздар арнайы концерттік бағдарламаны тамашалап, №9 мектеп-гимназиясының мұғалімдері мен оқушыларының ән-би шашуын қабыл алды.
Ардагерлеріміз әр шаңырақтың шамшырағы, берекесі мен ырысы.Мереке құтты болсын! Ардагерлеріміз аман болсын!