
ЕҢБЕК АДАМЫ
Ұстаздың еңбегі – баға жетпес асыл қазына. Ұстаздың шын берілген еңбегінің арқасында ғалым да, дарын да, қарапайым еңбеккер де, ел қорғаны батыр да өз биігіне ұмтылады. Осындай ұлағатты жандардың бірі Қарғалы ауданындағы №2 Бадамша орта мектебінің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нечаева Мәншүк Қайырлинқызы.
Мәншүк Нечаева еңбек жолын 1997 жылы Красноеполь орта мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. 2006 жылдан бері №2 Бадамша орта мектебінде қызмет атқарып келеді.
Өз мамандығына деген сүйіспеншілігі мен шәкірттеріне деген ерекше ықыласының арқасында әр сабағын мазмұнды өткізіп, балалардың жүрегіне жол тауып жүрген тәжірибелі ұстаз бүгінде 30 жылға жуық ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнады. Оның әр сабағы білім берудің ғана емес, рухани тәрбие мен мақсатқа жетелейтін сара жолдың айғағы.
«Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» демекші, Мәншүк Нечаеваның шәкірттері білім бәйгесінде алдыңғы қатардан көрініп жүр. Оқушылары аудандық, облыстық, республикалық пән олимпиадалары мен ғылыми жобалар сайыстарында жүлделі орындарға ие болып, ұстаз еңбегінің жемісін дәлелдеп келеді. Ол жыл сайын шәкірттерін ғылыми жобаларға қатысуға баулып, ізденіске жетелеп отырады. Тынымсыз еңбегі мен табандылығы арқасында шәкірттері республикалық деңгейдегі жеңістерге қол жеткізді.
Ұстаз тәрбиелеген шәкірттердің қатарында облыстық «Зерде» жобалар байқауының Гран-при иегері әрі республикалық деңгейде танылған Жансая Сағитжан, облыстық «Зерде» байқауының жеңімпазы Арсен Қаймолдин және ауылдық пән олимпиадасының жүлдегері Ақсұлу Қалмағамбетова бар.
Бұл – ұстаздың еңбегіне берілген лайықты баға әрі шәкірттерінің биік жетістігі.
Мәншүк Нечаева – ұстаздар отбасынан шыққан жан. Ол – Қарғалы ауданындағы педагогикалық әулеттің лайықты жалғастырушысы. Тал бесіктен көрген өнегесін өмірлік ұстанымына айналдырып, бүгінде ұстаздар әулетінің абыройын асқақтатып жүр.
Нечаева Мәншүк Қайырлинқызы — шәкірт жүрегіне ізгілік дәнін еккен, білім жолында аянбай тер төккен нағыз еңбек адамы.