
АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ҰЙЫМЫНЫҢ АТҚАРУ КОМИТЕТІ ОТЫРЫСЫ
30 қыркүйекте «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі Атқару комитетінің жоспарлы мәжілісі өтті. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша, комитеттің төрағасы Қылышбай Сүндетұлының «Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан. өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына жолдауы және оны жүзеге асырудағы салалық кәсіподақ ұйымдарының міндеттері» тақырыбында баяндамасы тыңдалынды. «Жолдаудың басты өзегі жасанды интеллект пен цифрландыруға арналды, өйткені болашақта ЖИ экономиканы және мемлекеттік басқаруды жаңғыртудың негізгі қозғаушы күші болмақ.
Президент атап өткендей, жаңа технологиялық дәуірге сай болу үшін Қазақстанға басқару тәсілдерін түбегейлі қайта құрып, жүйенің ашықтығын, тиімділігін арттыру қажет. Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамыту үшін жұмысты жаңаша жүргізе отырып, 7 міндетті жүзеге асыруға тапсырма берді», – деп бастады баяндамашы өз сөзін. – Президент ЖИ саласындағы мамандарды даярлау мектеп қабырғасынан басталуы тиістігін ерекше атап өтті. Бұл тұрғыда жасанды интеллект негіздері бойынша: оқу бағдарламасы мен оқу құралдарын әзірлеу; мұғалімдерді жаңа технологияларға үйрету; ауылдық шағын мектептерге сапалы білім жеткізетін Qazaq Digital Mektebi платформасын іске қосу, Al-Sana бағдарламасы аясында 100 мыңға жуық студентті ЖИ жобаларына тарту; «Келешек мектептері» аясындағы жаңа білім нысандарының құрылысын алдағы айларда аяқтауға ерекше назар аударылды. Президент атап өткендей, ғылым, білім және инновацияны интеграциялау – білім экономикасының негізі. Сондықтан ғылым, білім және инновация саласын басқару тәсілдерін өзара байланыстыру қажеттігі дұрыс бастама.
Кәсіподақтар азаматтық қоғамның белсенді күші ретінде алдағы реформаларды талқылауға және оларды іс жүзінде жүзеге асыруға үлес қосуға дайын. Біздің ұстанымымыз айқын, себебі біз еңбеккерлердің мүддесін білдіріп, «халық үнін» билікке жеткіземіз.
Біз Мемлекет басшысының Әділетті Қазақстан құру жолындағы бастамалары табысты жүзеге асатынына сенімдіміз және осы жолда әр бастаманы қолдауға белсенді атсалысуға дайынбыз» деп аяқтады сөзін Төраға.
Күн тәртібіндегі «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің кәсіподақ мүшелері мен олардың балаларының 2025 жылғы жазғы демалысын ұйымдастыру туралы», «Атырау көлік және коммуникация колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымының жарғылық міндеттерді орындауы туралы» мәселелер бойынша хабарлама жасаған бас есепші Алтын Тұяқпаева, Нағима Қапсалиховалардың есептері қаперге алынды.
Аталған мәжілісте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтарының 120 жылдық мерекесі аясында «Ұстаздарға алғыс!» және «Тарихқа – тағзым, бүгінге – өзгеріс, болашаққа – сенім» атты қазан айындағы іс-шараның жоспары беркілді. Аталған шарада 29 қыркүйек – 4 қазан аралығындағы «Ұстазға алғыс!» апталық, Халық мұғалімі, Құсиын Айтқалиевтың 95 жылдығына және Қазақстан Республикасының Әнұран авторы Жұмекен Нәжімеденовтың 90 жылдығына арналған Құрманғазы ауданындағы облыстық жиын, «Құсиын Айтқалиұлының педагогикалық мұрасы, заманауи білім мәселелері: бүгіні мен болашағы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізу, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің 85 жылдығына арналған іс-шараларға қатысу және т.б. талқыланып, беркітілді.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі, баспасөз қызметі
-
Фото
-