
КІТАП – КӘСІПОДАҚ КӨШБАСШЫСЫНА АРНАЛДЫ
30 қыркүйек күні облыстық Кәсіподақтар үйінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығы аясында, «Жақсы адам» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Кітаптың кейіпкері – ұзақ жылдар аймақтағы кәсіподақ қозғалысының белсенді көшбасшысы болған, ардагер ұстаз Аманкелді Кәрімұлы Айбосынов. Ол 1940 жылы Астрахан облысы, Краснояр ауданы, Забузан селосында туған. 1964 жылы Гурьев педагогикалық институтын бітіреді. 1964 – 1975 жылдары Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарында, Астрахан облысы Володар аудандарында мұғалім болып еңбек еткен. 1975 – 1982 жылдары Гурьев қалалық атқару комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болды. 1982–1988 жылдары облыстық кәсіподақ кеңесінің нұсқаушысы, облыстық кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары, 1988–1990 жылдары білім беру және ғылым қызметкерлері кәсіподағы орталық комитетінің Атырау облысы бойынша кәсіподақ ұйымдастырушысы және 2014 жылға дейін «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, 2016 жылға дейін осы ұйымның маманы қызметтерін абыроймен атқарған. Кітапта еңбек адамдарының заңды құқығын қорғауда және әлеуметтік жағынан қолдау жолында салалық кәсіподақ ұйымының жұмысында өзіндік қолтаңбасын қалдырған ардақты азаматтың өнегелі өмірі мен қызметі туралы деректі құжаттар, әріптестері мен замандастарының естеліктері, фотосуреттер жинақталған.
Тұсаукесер рәсімін «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қысқаша сөз сөйлеп ашты. А.Айбосыновтың өмірі мен қызметіне арналған бейнебаян көрсетілді.
Жиында кәсіподақ ардагері, журналист-тарихшы Жұмабай Доспанов, кәсіподақ ардагері, «Қазақ ССР халық ағарту ісінің үздігі», Ы.Алтынсаин төсбелгісінің иегері Дайеш Шаженбайұлы, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген мұғалімі, Атырау облысының және Жылыой ауданының Құрметті азаматы Мәжит Сағиұлы, кәсіподақ ардагері, тарихшы, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Шахман Нағымұлы, «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Құрманғазы, Атырау қаласы және Индер аудандық комитеті» филиалдарының төрағалары Әуез Изжанов, Бағытжан Мұсағали, Қалжан Ахметовалар сөйледі.
Кітап кейіпкерінің туған-туысқандары атынан ардагер ұстаз, Аманкелді Айбосыновтың жары Марта Адрисова сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға және авторларға шын жүректен рахметін айтты.
«Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі, баспасөз қызметі