
ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – МӘҢГІЛІК!
Ұстаздар күні – білім мен тәрбиенің шырақшыларына деген шексіз алғыс пен ілтипаттың ерекше белгісі. Осы мереке аясында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» Қоғамдық бірлестігінің филиалы Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы білім беретін мектебінің бастауыш ұйымы өз әріптестері, бірнеше буын шәкірт тәрбиелеген, саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаз Панайотиди Софья Георгиевнаны арнайы құттықтап, құрмет көрсетті.
Софья Георгиевна – 41 жыл бойы бастауыш сынып мұғалімі ретінде табандылықпен еңбек етіп, мыңдаған шәкірттің жүрегіне білім мен адамгершілік дәнін сеуіп, үлкен өмірге жолдама берген ұлағатты ұстаз. Оның шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салада абыроймен еңбек етіп жүр. Жыл сайын оның оқушылары түрлі деңгейдегі олимпиадаларда жүлдегер атанып, ұстазының мерейін асырғаны – оның кәсіби шеберлігінің, адал еңбегінің айғағы.
Ұстаздық жолда Софья Георгиевна әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, заманауи әдіс-тәсілдерді батыл енгізіп, оны жас мамандармен бөлісіп отырды. Қалалық, облыстық семинарларда оның сабағы мен әдістемесі үлгі ретінде ұсынылып, педагогикалық тәжірибесі көпке өнеге болды. Ол тек білім беруші емес, шәкірт жүрегіне жол таба білген нағыз тәрбиеші, тұлға қалыптастырушы еді.
Софья Георгиевна – ел руханиятының алтын қазынасы. Оның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. 2021 жылы Қазақстан Республикасының «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталып, 2024 жылы Білім және ғылым министрінің Алғыс хатына ие болуы – оның ұстаздық жолдағы адалдығы мен табандылығының жоғары бағаланғанының айғағы. Бұл марапаттар – педагогика саласына сіңірген еңбегінің лайықты жемісі.
Осындай ардақты ұстаздарды ардақтау – барша ұстаздар қауымына көрсетілген құрмет. Кентау қалалық кәсіподақ комитеті ұстаздарымыздың еңбегін ұлықтап, өнегелі жолын жас мамандарға үлгі ету арқылы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуда. Ұстаздар күні құтты болсын! Ардагер ұстаздарымызға мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз!