
КӘСІПОДАҚ АРДАГЕР ҰСТАЗДАРДЫ ҚҰТТЫҚТАДЫ
29 қыркүйек күні Түркістан облыстық ұйымының Кентау қалалық кәсіподақ комитетіне қарасты С.Қожанов атындағы №9 жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы Ұстаздар күні мерекесіне орай, білім саласына ұзақ жылдар бойы еңбек сіңірген ардагер ұстаздар Есжанова Нават пен Қарабаева Ажаркүл ханымдардың үйіне арнайы барып, құрмет көрсетті. Ұжым атынан құттықтау тілектер айтылып, Алғыс хат пен естелік сыйлықтар табыс етілді. Ардагер ұстаздардың көңілін көтеріп, мерекелік көңіл күй сыйлау – өскелең ұрпақтың парызы.
Бұл – ұстаздық ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардақты жандарға деген шынайы алғыс пен тағзым. Ардагерлеріміздің өмір жолы – жас мұғалімдер үшін үлкен мектеп. Олардың ұлағатты сөзі мен парасатты ойы – ұрпақ тәрбиесіне деген адалдықтың жарқын көрінісі. Осындай игі бастамалар арқылы біз өткен мен бүгіннің арасын сабақтастырып, ұстаздық жолдың қадірін жас буынға ұғындырамыз.
Ардагер ұстаздарымыз өздерінің ақ батасын беріп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді. Олар үшін ең үлкен сый – шәкіртінің іздеп келіп, қадірлеп-құрметтеуі. Бұл – ұлағатты ұрпақтың белгісі, халықтың ұстазға деген шексіз ықыласының көрінісі. Құрмет көрсету – құр сөз емес, ол – әрекет пен ықыластан тұратын жүрек ісі.
Ұстаз – мәңгілік мамандық. Осы орайда барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық табыс тілейміз. Ардагерлерге көрсетілген бұл құрмет алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек!