
ЕҢБЕК АДАМЫ
«Ұстаз» деген ұлы ұғымға лайық болу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік. Саналы ұрпақ тәрбиелеп, сапалы маман дайындау жолында аянбай еңбек етіп жүрген жандардың бірі – Қобда ауданы Бегалы негізгі мектебінің педагог-психологы Айжарықова Клара Орынбасарқызы.
Клара Айжарықова 40 жылдан астам уақыт бойы кәсіби қызметінде дараланып, ғибратты ғұмырының қымбат шақтарын жас ұрпаққа білім беруге, оларды тәрбиелеуге арнап келеді. Өз мамандығына деген шексіз сүйіспеншілігі мен ұқыптылығы, еңбекке деген адалдығы – оны әріптестерінен ерекшелеп тұратын қасиеттер.
Ұстаздың шәкірттері қалалық, облыстық, республикалық, тіпті халықаралық деңгейдегі байқаулар мен пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері. Атап айтқанда, оның оқушылары республикалық «Зерде» шығармашылық жобалар мен зерттеу жұмыстары байқауының аудандық кезеңінде І орын иеленсе, шәкірті Нәзира Ғалиасқарқызы медицина және психология саласы бойынша жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, 7-сынып оқушысы Аманжан Сапарғалиев Қазақстан Республикасының Кіші ғылым академиясының ғылыми-тәжірибелік конференцияларында жүлделі орындарға ие болып, мектеп абыройын асқақтатты.
Клара Айжарықованың қажырлы еңбегі еленіп, бірнеше мәрте марапаттарға ие болды. Ол Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығы мен Ақтөбе облыстық білім басқармасының Алғыс хатының иегері. Сонымен бірге, білім беру жүйесіндегі жемісті еңбегі үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Бұған қоса, республикалық және облыстық пәндік олимпиадаларда І дәрежелі диплом иеленіп, облыстық педагогикалық олимпиадада І орын, «Мен психологпын» атты облыстық эссе байқауында да жеңімпаз атанды.
Клара Орынбасарқызы кәсіби біліктілігі жоғары, тәжірибелі педагог, еңбек адамы. Қоғамдық жұмыстарға да зор жауапкершілікпен қарайтын, еңбексүйгіш ұстаздың адал еңбегі – шәкірттерінің жетістігі мен мектеп абыройының кепілі.
-
Фото
-