
ҰСТАЗ ЕҢБЕГІ ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ
Қазақстан кәсіподақтары күні қарсаңында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің Жергілікті кәсіподағының Біріккен комитеті филиалының ұйымдастыруымен Мұғалімдер күні және кәсіподақтар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Оған облыстық білім басқармасына қарасты білім беру мекемелері мен ұйымдарының басшылары мен қызметкерлері, бастауыш кәсіподақ жетекшілері, жұмысшы мамандық өкілдері қатысты.
Мерекелік жиын Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің бейнеқұттықтауымен ашылып, салтанатты марапаттау рәсімімен жалғасты. Алғашқы құттықтау сөзді Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Бахтияр Қараулов жолдап, ұстаздар мен еңбек адамдарының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып өтіп, бірқатар педагогтер мен кәсіподақ мүшелеріне орталықтың Құрмет грамоталарын табыстады.
Мұнан соң Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков Мұғалімдер күнімен тұспа-тұс келген Қазақстан кәсіподақтары күнінің сала үшін, қоғам үшін ерекше үндестік екенін атап өтіп, бұл мерекелер бір күндік емес, еңбек адамдары мен ұстаздарға құрмет әрдайым жалғаса беретінін айтты. Салтанатты жиында сөз алған білім басқармасы басшысының орынбасары Жасұлан Атенов те мерекелік құттықтау айтып, мұғалімнің әрбір күні құрметке лайық екенін, білім қызметкерлері кәсіподағымен арадағы әріптестік байланыстың жалғаса беретінін жеткізді.
Іс-шара барысында педагогтар мен жұмысшы мамандық иелері «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» және «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен, Орталық комитет пен облыстық ұйымның, Білім басқармасының Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталса, Біріккен комитеті филиалының төрағасы Жанболат Орынбеков филиалға қарасты бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенді жұмысын атап өтіп, кәсіподақ мүшелігіндегі барлық ұйымдарға мерекелік сыйлықтар табыстады.
Жиынның өн бойында мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін облыстық орталықтың педагогтарынан құралған өнерлі жастар әнмен сүйемелдеп, күймен тербеп отырды.
Жамбыл облыстық ұйымы
-
Фото
-