
КӘСІПОДАҚТАРДЫҢ МЕРЕЙТОЙЛЫҚ САЛТАНАТЫ
Шығыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар Орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Кәсіподақтар күніне, Қазақстан кәсіподақтар қозғалысының 120 жылдығына және Кәсіподақтар федерациясының 35 жылдығына арналған салтанатты шара өтті.
Мерекелік шараға кәсіподақ қозғалысының ардагерлері, өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының басшылары мен көшбасшылары, әлеуметтік әріптестер, ірі кәсіпорындар мен ұйымдардың өкілдері, «Келешек» жастар кеңесінің мүшелері және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шараның ашылуында Кәсіподақтар федерациясы төрағасы С. Даулеталин қатысушыларға арнайы бейнеқұттықтау жолдады.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Жақсылық Омар құттықтау сөз сөйлеп, жиналғандарды кәсіби мерекесімен және мерейтойлармен құттықтады. Ол кәсіподақтардың қызметкерлердің құқықтарын қорғаудағы маңызды рөлін айрықша атап өтіп, олардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан зор үлесін тілге тиек етті.
Іс-шарада сөз алған Шығыс Қазақстан облысы оқу-ағарту, жоғары білім, ғылым және басқа бюджеттік ұйымдар қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Назгүл Қасенова құттықтау сөзінде кәсіподақтағы көп жылғы еңбегі үшін ардагерлерге, кәсіподақ жетекшілеріне алғысын білдірді. Биыл қазақстандық салалық кәсіподақтың 100 жылдық мерейтойы аталып өтіп жатқанын еске салды. Мерейтой – тарихты тереңнен зерделеп, жетістіктерді бағалай отырып, болашаққа жоспар құруға берілген мүмкіндік. Осынау мерейлі жылда кәсіподақ жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жолында ұзақ әрі даңқты жолдан өтті. Кәсіподақ көшбасшылары мен белсенді мүшелерінің тынымсыз еңбегінің арқасында жұмысшылардың еңбек жағдайлары, жалақысы және әлеуметтік қорғалуында айтарлықтай жақсартуларға қол жеткізілді.
Шара барысында әр сала төрағалары сөз сөйлеп, кәсіподақта белсенділік танытып жүрген және жұмысшы мамандықтарының иелеріне Кәсіподақтар федерациясының, салалық кәсіподақтың және облыстық ұйымның марапаттарын табыс етті.
Салтанатты шара мерекелік концертпен өз мәресіне жетті.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы
-
Фото
-