
TURKICSKILLS – 2025 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЧЕМПИОНАТЫ
Ақтау қаласында өткен TurkicSkills –2025 халықаралық кәсіби шеберлік чемпионатының алаңына WorldSkills International ұйымының стратегиялық даму жөніндегі Кеңесінің мүшесі Рэй Инглиш (Ray English) келді. Еске сала кетейік, чемпионат Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында өтті. Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылған бұл бірегей шара түркітілдес елдердің кәсіби шебер жастарын біріктіреді. Айта кету керек, алғашқы түркітілдес елдердің чемпионатының өтуіне WorldSkills International халықаралық қозғалысының тарапынан қолдау көрсетілді.
Рэй Инглиш байқау алаңдарымен танысып, қатысушылармен, сарапшылармен әңгімелесті. Ол чемпионаттың ұйымдастырылу деңгейін және жас мамандардың кәсіби шеберлігін жоғары бағалап, Қазақстанның WorldSkills қозғалысын дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті.
«Мен қатысушылардың ынта-жігерінен ерекше әсер алдым және чемпионаттың түрлі елдердің болашақтың кәсіби дағдыларын дамыту мақсатында біріккеніне тәнті болдым», — деп атап өтті Рэй Инглиш.
WorldSkills International өкілінің келуі қатысушылар мен ұйымдастырушылар үшін маңызды болды. Бұл TurkicSkills 2025 чемпионатының халықаралық деңгейде мойындалғанын және оның тәжірибе мен инновациялар, мәдени өзара ықпалдастық алаңына айналғанын көрсетеді.
Чемпионат цифрлық технологиялардан бастап қолданбалы жұмысшы мамандықтарға дейінгі 10 құзыреттілікті қамтиды.
Чемпионатты ұйымдастырушылар — Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі мен Маңғыстау облысының әкімдігі. Іс-шара операторы — Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы.
Ақтау қаласында алғаш рет ұйымдастырылған «TurkicSkills-2025» І Халықаралық кәсіби шеберлік чемпионаты жоғары деңгейде өтіп, өз мәресіне жетті.
Чемпионатқа түркі әлемінің алты елі-Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Мажарстаннан (Венгрия) келген 43 қатысушы 10 түрлі құзыреттілік бойынша бақ сынап, өз елдерінің намысын қорғады.
Бес күн бойы өткен тартысты додада қатысушылар кәсіби шеберліктерін, техникалық білімдерін және заманауи технологияларды меңгеру деңгейін көрсетті.
Нәтижесінде үздік деп танылған мамандар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлердің есімдері де аталды. Айтулы шараның салтанатты ашылу рәсіміне қатысып, чемпионат нәтижесінде еліміздің атынан қатысқан ең үздік деп танылған колледжге Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы ұйымы атынан 1 000 000 (бір миллион) теңге көлемінде сыйақы табысталатынын төраға Айгүл Мақсатқызы Мұқашева мәлімдеген болатынмын.
Чемпионаттың жабылу салтанатында бұл мәртебелі сыйақы иегері болып Маңғыстау туризм колледжі танылды. Марапаттау рәсімінде “Аспаз ісі” құзыреттілігі бойынша жеңімпаз Маңғыстау туризм колледжінің студенті Амантай Алтынбекке Салалық кәсіподақ атынан Маңғыстау облыстық ұйымының маманы А.Аманиязова сертификат тапсырды.
Бұл жетістік – Маңғыстау туризм колледжінің және ұжым еңбегінің айқын дәлелі болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында бұл жеңіс техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамытуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Маңғыстау туризм колледжі студентінің жарқын жетістігі колледждің халықаралық және өңірдегі білім беру сапасының жоғары деңгейін, инновациялық әдістемелердің тиімділігін және жастардың кәсіби әлеуетін арттырудағы нақты нәтижелерді айқын көрсетеді.
Алдағы уақытта да колледж ұжымы заманауи талаптарға сай білікті, еңбекқор және жауапты мамандар даярлау ісінде табысты бола беретініне сенім білдіреміз.
ЖЕҢІС ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚАДІРЛІ ӘРІПТЕСТЕР!
Маңғыстау облыстық ұйымы
-
Фото
-