
ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА КӘСІПОДАҚТАР КҮНІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ ШАРА ӨТТІ
10 қазан – Кәсіподақтар күніне орай Түркістан облысы білім басқармасы мен Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымы бірлесіп салтанатты жиын өткізді.
Іс-шараға Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Қасымбекова Айгүл Ералиқызы және Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Түркістан облыстық ұйымының төрағасы Жандос Шайдулла қатысып, облыстағы бірқатар білім беру ұйымдарының басшыларымен және бастауыш ұйымдарының кәсіподақ төрағаларын кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтады.
Айгүл Ералиқызы өз сөзінде кәсіподақ ұйымдарының қоғамдағы және білім беру саласындағы маңызды рөлін айта келе, ұстаздар мен еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, әлеуметтік қолдау көрсету, ынтымақ пен әріптестікті нығайту бағытында атқарылып жатқан игі істерге ерекше тоқталды. Сондай-ақ, әлеуметтік серіктестікті дамыту ісінде белсенді еңбек еткен азаматтарға «Әлеуметтік әріптестікті дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін табыстады.
Өз кезегінде Жандос Шайдулла еңбек адамының абыройын арттыру, ұжымдық бірлікті нығайту және кәсіподақ қозғалысын дамыту – кәсіподақтың басты міндеті екенін атап өтті. Ол сондай-ақ саланың дамуына зор үлес қосып жүрген әріптестерге алғысын білдіріп, кәсіподақ жұмысына белсене араласқан үздік ұйым жетекшілеріне «Түркістан облысы кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілерін және Құрмет грамоталарын табыс етті.
Марапат иелерінің қатарында Түркістан облыстық ұйымы Төлеби аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Майлыбаев Ерменбай Қасымұлы мен Шардара аудандық кәсіподақ комитетінің төрағасы Нұрымбет Жалғас мырза да бар. Олардың кәсіподақ қозғалысын дамыту мен мүшелердің әлеуметтік мүдделерін қорғаудағы белсенді еңбегі лайықты бағаланды.
Марапат иелері көрсетілген құрмет пен сенімге ризашылықтарын білдіріп, кәсіподақ қозғалысының одан әрі өркендеуіне өз үлестерін қоса беретіндерін атап өтті.
Іс-шара жылы әрі рухани көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, қатысушылар кәсіподақ ұйымдарының бірлігі мен еңбектің қадірін дәріптеу бағытында пікір алмасып, алдағы жоспарлармен бөлісті.