
АҚТӨБЕДЕ АТҚАРУ КОМИТЕТІНІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымының Атқару комитетінің кезекті отырысы онлайн форматта өтті. Жиынды облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Айжарық Серімбетов жүргізді. Басқосуда облыс көлеміндегі аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының еңбек заңнамасының орындалуын қоғамдық бақылау, құқықтық қорғау және шешімдердің орындалу барысы бойынша жүргізіп отырған жұмыстары сараланды.
Отырыстың алғашқы бөлімінде Қарғалы және Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымдарының төрағалары Гүлнар Байменшина мен Гүлжан Ақанова өз аудандарында еңбек заңнамасының орындалуын қоғамдық бақылау мен құқықтық қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы кеңінен баяндады. Олар кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарын қорғаудағы нақты мысалдар мен жүйелі шараларға тоқталып, әріптестерімен тәжірибе алмасты.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымындағы облыстық Атқару комитетінің қаулыларын және жергілікті шешімдердің орындалуы мен бақылау тетіктеріне арналды. Бұл жөнінде Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Гүлсайра Құлекенова жан-жақты баяндама жасап, нақты деректермен бөлісті. Оның айтуынша, шешімдердің дер кезінде орындалуы – кәсіподақ жұмысының тиімділігін арттырудағы маңызды факторлардың бірі. Сонымен қатар, ол кәсіподақ ұйымының атқарушы органдары қабылдаған шешімдердің орындалуын тұрақты бақылап отыру жүйелі жұмыстың кепілі екенін атап өтті. Баяндамада аудандағы білім беру мекемелерінде атқарылып жатқан іс-шаралар, кездесулер мен әдістемелік көмек көрсету жұмыстары да сөз болды.
Отырыс соңында облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев пен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері жөніндегі маман Нұрлан Жетпісбай қоғамдық бақылау, еңбек заңнамасының сақталуы, ұжымдық шарттардың орындалу жайы бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Олар кәсіподақ ұйымдарына құқықтық және техникалық көмек көрсету, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұжымдық келісімдердің сапасын арттыру бағытында пікірлерімен бөлісті.
Жиын қорытындысында облыстық кәсіподақ ұйымының Атқару комитеті тарапынан ұсыныстар мен қаулылар қабылданды.
-
Фото
-