
ШЫҢҒЫРЛАУДА «ҚАЗАҚША QUIZ» САЙЫСЫ ӨТТІ
Кәсіподақтар Федерациясының 35 жылдығы және еліміздегі кәсіподақ қозғалысының 120 жылдығы аясында БҚО Шыңғырлау ауданында ерекше форматтағы «Қазақша QUIZ» атты интеллектуалдық сайыс ұйымдастырылды. Бұл шара кәсіподақ қозғалысына серпін беріп жүрген жас мүшелер арасында өткізілді.
Интеллектуалдық бәсекеге Бөрлі, Бәйтерек, Қаратөбе және Теректі аудандарынан келген жастар командалары қатысып, білім мен тапқырлықтарын, ұйымшылдықтарын сынға салды.
Шара барысында қатысушылар мен көрермендерді аудандық білім беру бөлімінің басшысы Есенов Қуаныш Ығылманұлы, Қазақстан оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіптік одағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымының төрағасы Даупаев Марат Оразалыұлы, бас маман ұйымдастырушы Темірғалиева Марина Хамитқызы және заңгер Құрманғазиева Гүлжанат Есетқызы құттықтап, сайыстың мән-маңызын атап өтті.
Сайыс нәтижесінде:
I орын - Бөрлі ауданының жас кәсіподақшыларына бұйырды;
II орын - Теректі ауданы командасы;
II орын -Қаратөбе ауданының жастары;
Ал Бәйтерек ауданы жастары белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Сондай-ақ, шара аясында кәсіподақ жұмысына белсене атсалысып жүрген бірқатар сала мамандары марапатталды:
Исмагулова Акмарал Тумагалиевна-«Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» медалімен;
Кенжалиева Алмагүл Мақсотовна – ҚР Кәсіподақтар Федерациясының Құрмет грамотасымен;
Жанғирова Нұрғанша Мақсотовна – Орталық комитеттің Алғыс хатымен;
Сатқанова Әсемгүл Ғұбайдуллақызы, Әлиева Жансая Досбергенқызы, Амантурлин Мирамхан Нариманұлы – облыстық кәсіподақ ұйымының Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Ойын бірнеше кезеңнен тұрды: «Жауап бер», «Көзқарас», «Үш сурет – бір сөз», «Тұлғаны таны». Әр кезең қатысушылардың логикалық ойлау қабілетін, білім аясын және жылдамдығын сынады.
Осындай мазмұнды да мағыналы шаралар жастардың кәсіподақ қозғалысына деген қызығушылығын арттырып, олардың зияткерлік дамуына жол ашады. Сонымен қатар, бұл сайыс жас буын өкілдерінің арасындағы байланысты нығайтып, ортақ мақсат жолындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытатыны сөзсіз.
-
Фото
-