
БІЛІМ МЕН ШЕБЕРЛІКТІ ҰШТАСТЫРҒАН ҰСТАЗ
Математика – дәлдік пен логиканың, ой мен зерденің ғылымы. Ал осы ғылымның қыр-сырын шәкіртке меңгерту – үлкен шеберлікті, шыдамдылық пен кәсібилікті талап ететін жауапты іс. Бұл жауапкершілікті абыроймен арқалап жүрген жандардың бірі – математика пәнінің мұғалімі Рабиға Серікқызы.
Рабиға Серікқызы – тек білім беруші ғана емес, оқушының ойлау қабілетін дамытып, логикалық тұжырым жасауға, нақты шешім қабылдауға үйрететін тәлімгер. Ол әрбір формула мен есептің артында жатқан заңдылықты түсіндіру арқылы оқушылардың таным көкжиегін кеңейтеді.
Бүгінгі таңда математика – кез келген мамандықтың негізі. Инженер болсын, дәрігер болсын, экономист немесе ІТ саласының маманы – барлығы да математикалық білімге сүйенеді.
Рабиға Серікқызының еңбегі – болашақ ұрпақтың тағдырына әсер ететін маңызды қызмет. Көптеген оқушылар үшін математика күрделі пәндердің бірі болып саналса да, нағыз кәсіби мұғалім оны қарапайым, түсінікті әрі қызықты етіп жеткізе біледі және оқушы жүрегіне жол тауып, пәнге деген сүйіспеншілікті оятады. Олардың арқасында талай шәкірт республикалық, халықаралық олимпиадаларда топ жарып, мектебіміздің мерейін асырып жүр.
Математика пәніне баулып жүрген оқушылары пәндік олимапиададан оза шауып, аудандық, облыстық, республикалық кезеңдерге жолдама алып, жеңімпаздар қатарынан көрініп жүр.
Рабиғаның сабырлылығы, әділдігі, талапшылдығы мен жан-жақтылығы – оқушыға үлгі. Ол өз пәнін шексіз сүйеді, үнемі ізденісте жүреді, жаңа әдістемелерді меңгеріп, заманауи технологияларды тиімді қолдана біледі.
Рабиға Серікқызының мектебімізге қосқан баға жетпес үлесі үшін алғысымыз шексіз!
К.Саржанова,
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Онды ауылындағы Әбіш Кекілбайұлы атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы.