
«КӘСІПОДАҚ БАРЫСЫ – 2025» ІІ ОБЛЫСТЫҚ ТУРНИРІ ӨТТІ
Тараз қаласында Республика күні ұлттық мерекесіне арналған қазақ күресінен «Кәсіподақ барысы - 2025» ІІ облыстық турнирі өтті. Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының жүлдесі үшін ұйымдастырылған спорт додасы ұлттық рухты көтеру, қазақ күресін насихаттау, ұстаздар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту және салауатты өмір салтын қолдау мақсатында ұйымдастырылды.
Жарысқа облыстың барлық аудандары мен Тараз қаласындағы мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындарынан іріктелген 24 палуан қатысты. Турнир 70-90 кг және 90 кг жоғары салмақ дәрежелері бойынша өтті.
Жарыстың ашылу салтанатында Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссия төрағасы Фарида Жүнісова, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов және ұйымдастыру алқасының төрағасы, Жергілікті кәсіподақ төрағасы Ерұлан Мағзымбеков сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ұйымдастырушылар жарыстың тек спорттық қана емес, тәрбиелік мәні зор шара екенін атап өтті.
Турнир КСРО еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақ күресі ережесінің қалыптасуына үлес қосқан ардагер спортшы, «Құрмет» орденінің иегері Марат Жахиттің батасымен басталды. Белдесулердің жоғары деңгейде әрі әділ өтуіне қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, ҚР еңбегі сіңген жаттықтырушы, Халықаралық дәрежедегі төреші Руслан Мухамедгалиев бастаған төрешілер алқасы жауапты болды.
70 кг дейінгі салмақта ІІІ орынды Жамбыл ауданы Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Серғали Сатыбалды жеңіп, қола белбеу мен 100 000 теңгелік сертификат иеленді. ІІ орынды Шу ауданы №40 мектеп-лицейінің мұғалімі Бақдаулет Қазыбек иеленіп, күміс белбеу мен 130 000 теңгеге қол жеткізді. Аталмыш салмақта бас жүлдені М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің оқытушысы Омар Керимов жеңіп алып, алтын белбеу мен 150 000 теңгелік сыйақыға ие болды.
90 кг жоғары салмақтағы финалдық белдесуде Мойынқұм ауданы О.Жандосов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәні мұғалімі Марат Шоқабаев пен Шу ауданы Т.Әшімбаев атындағы орта мектептің мұғалімі Арнұр Жомартбек белдесті. Тартысты өткен кездесуде Марат Шоқабаев жеңіске жетіп, алтын белбеу мен 150 000 теңге иемденді.
Айта кетерлігі, бұл Марат Шоқабаевтың «Кәсіподақ барысы» турниріндегі екінші жеңісі - 2023 жылы өткен алғашқы жарыста да финалда дәл осы қарсыласын жеңіп, чемпион атанған болатын. Үшінші орынды Жамбыл ауданы Б.Момышұлы атындағы мектеп-гимназиясының мұғалімі Бақтыбек Смағұл жеңіп алып, қола белбеу мен 100 000 теңге сертификатқа ие болды.
Бұдан бөлек үздік палуандар Жамбыл облысы кәсіподақтар орталығы, Жамбыл облыстық мәслихаты мен «AMANAT» партиясының арнайы қаржылай жүлдесімен, Жамбыл облысы оқу ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының Алғыс хатымен және ынталандыру сыйлығымен марапатталды.
Осылайша, ұлттық мереке аясында өткізілген турнир тек спорт додасы ғана емес, мұғалімдердің бірлігін арттырып, ұлттық құндылықтарды насихаттаудың жарқын үлгісіне айналды. «Кәсіподақ барысы» турнирі жыл сайынғы дәстүрлі спорттық шара ретінде ұстаздар арасындағы татулық пен рухты нығайтатын беделді бәсеке болары сөзсіз.
-
Фото
-