РУХАНИЯТ ӘЛЕМІНЕ ЖОЛ СІЛТЕУШІ ШАМШЫРАҚ
Кітапханашы – білім бұлағының көзін ашқан, мәдениет қазынасын сақтаған, руханият әлеміне жол сілтеуші шамшырақ. Ол тек қана кітаптардың тізімін жасап, сөрелерге ретімен қоюшы емес, ол – оқырманның жүрегіне жол тауып, іздегенін тауып беруші, жаңа әлемдерге жетелеуші.
Кітапханашының міндеті ғасырлар қойнауынан жеткен асыл мұраны жас ұрпақтың жадына сіңіру, білімнің құнарымен сусындату.
Осындай асыл мамандықтың иесі – Хайруллина Күлзипа Қадылбекқызы. Ол Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақжар ауылының Шорға фермасында дүниеге келген. Барнаул қаласындағы Тальменский ауылшаруашылық техникумын «Бухгалтер-экономист» мамандығы бойынша тәмамдаған. 2010 жылдың қазан айынан бастап «Серебрянск қаласының № 4 орта мектебі» КММ-де кітапханашы болып еңбек жолын бастады.
Содан бері Күлзипа Қадылбекқызы мектеп оқушыларының кітапқа деген құштарлығын оятуға, оқуға деген сүйіспеншілігін арттыруға бар күшін салып келеді. Мектепішілік іс-шараларға белсене араласып, білгенін әріптестерімен бөлісіп, олардан да үйренуден жалыққан емес. Мектепте «Кітап апталықтарын» ұйымдастырып, оқушылармен бірге ертегілер әлеміне саяхаттап, кітап оқудың ғажайып әлеміне қызығушылықтарын арттыруға зор үлес қосып жүр.
Күлзипа Қадылбекқызы– өз ісінің шебері, білім мен мәдениеттің жанашыры. Оның еңбегі мектеп оқушыларының рухани дамуына зор үлес қосып, олардың болашаққа деген сенімін нығайтады.
Шығыс Қазақстан облыстық ұйымы