«КӘСІПОДАҚ КҮШІ-ҰЖЫМ БІРЛІГІ»
«Оқу-ағарту, бюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағы Панфилов аудандық филиалы «Кәсіподақ күші – ұжымның бірлігі» атты шарасын ұйымдастырды.
Облыстық деңгейде ұйымдастырылған ашық алаңға Оқу-ағарту, бдюджеттік ұйымдар, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің «Жетісу» жергілікті кәсіподағының төрағасы Мэлс Төлепбергенов, заңгер-кеңесші Әсет Қайырхан, Панфилов ауданы білім бөлімінің басшысы Қайсар Сейтқожаев және кәсіподақ белсенділері қатысты.
Ә. Қастеев атындағы орта мектептің мәжіліс залында өткен шараның мақсаты кәсіподағының рөлін арттыру, ұстаздар мен әкімшілік арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайту, ұжымдағы әділдік пен ашықтық мәдениетін дамыту болды.
Пікір алмасу барысында Сымбат Қадырбекова бастауыш кәсіподақ ұйымының атқаратын қызметі туралы баяндап, кәсіподақтың іргесін бастауыш ұйымдар қалайтынын жеткізіп, еңбек адамының мүддесін қорғайтын бірден – бір ұйым екенін нақтылап берді.
Ақжол Әбілмажін кәсіподақ мүшелерінен түсетін жарнаның дұрыстығы, оның жұмсалу бағыттары туралы ақпарат беріп, кәсіподақтағы бақылау-тексеру комиссиясының рөлі мен маңыздылығына тоқталды.
Ал, Гүлзира Болат жастарды кәсіподаққа тартуға бірқатар ұсыныстарын білдіріп, жас мамандарды қолдау жұмысы туралы жан-жақты таныстырды. Ондағы жастар Кеңесінің ұйымдастыратын шараларын тілге тиек етіп, бірқатар ауқымды шараларды айтып өтті.
Облыстық ұйымның төрағасы Мэлс Құлмұханұлы аталған шарада құқықтық жұмыстардың тиімді тұстарын айтып, сала қызметкерлерінің жағдайын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан бастамаларды таныстырды.
Облыстық ұйымның заңгер-кеңесшісі Әсет Қайырхан құқықтық жұмыстар бойынша мағлұмат беріп, педагогтар тарапынан туындаған сұрақтарға жауап беріп, өзекті мәселелерге назар аударды.
Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Әділұлы облыстық деңгейдегі шараға қорытынды жасап, кәсіподақ үшін еңбек адамының құқығын қорғау басты міндет екенін айтты.
Жетісу облыстық ұйымы
-
Фото
-