ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ – ҮЗДІКСІЗ ДАМУДЫҢ КЕПІЛІ
Жуырда Салалық кәсіподақтың Түркістан облыстық ұйымының Кентау қалалық комитетіне қарасты Ә.Бөкейханов атындағы №23 жалпы білім беретін мектепте «Тәжірибе алмасу – үздіксіз дамудың кепілі!» шарасы аясында педагогтардың кәсіби дамуын қолдауға бағытталған тәжірибе алмасу семинары өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыру, жаңартылған білім мазмұны аясындағы жаңа әдіс-тәсілдерді тәжірибеге енгізу және әріптестік ынтымақтастықты нығайту болды.
Семинар барысында «Өрлеу» біліктілікті арттыру курстарынан өткен алты ұстаз өз тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи білім беру үрдісіне сай әдістемелік тәсілдерді ұсынды. Мұғалімдер өз сабақтарында оқушы белсенділігін арттыру, цифрлық платформаларды тиімді пайдалану және жасанды интеллект мүмкіндіктерін оқу үдерісіне енгізу тәжірибелерімен бөлісті.
Педагогтар өз жұмыстарында жаңартылған әдістемелердің тиімділігін, қашықтан және аралас оқытуға бейімделген құралдардың маңыздылығын көрсете отырып, уақытты тиімді жоспарлау мен жедел кері байланыс орнатудың жолдарын ұсынды. Іс-шара барысында ұсынылған идеялар мен тәжірибелер әріптестер арасында кәсіби ынтымақтастықты арттырып, педагогикалық қауымдастықтың шығармашылық әлеуетін дамытудың жаңа бағыттарын айқындады.
Семинар соңында мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары Исмаил Айнагүл Үсенқызы қорытынды сөз сөйлеп, тәжірибе бөліскен ұстаздарға алғысын білдіріп, алдағы уақытта да осындай кәсіби іс-шаралардың жалғасын табатынына сенім білдірді.
Кентау қалалық кәсіподақ комитеті білім беру саласындағы ұстаздардың кәсіби дамуы мен үздік тәжірибелерін таратуға бағытталған шараларды алдағы уақытта да жүйелі түрде қолдап, педагогтардың шығармашылық әлеуетін арттыруға ықпал етуді жалғастырады.