ХРОМТАУДА ҰСТАЗДАР СПАРТАКИАДАСЫ ӨТТІ
Ақтөбе облысының Хромтау аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының қолдауымен және Хромтау аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен аудан мұғалімдері арасында дәстүрлі спартакиада өтті.
Шараның басты мақсаты – ұстаздардың спортқа деген қызығушылығын арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау және ұжымдық рух пен ынтымақты нығайту болды.
Екі күнге созылған жарыс барысында қатысушылар волейбол (ерлер, әйелдер), үстел теннисі, тоғызқұмалақ, асық ату және бес тас сияқты спорт түрлерінен бақ сынады. Тартысты өткен сайыста әр команда өз мектебінің намысын абыроймен қорғап, жеңіс үшін бар күш-жігерін салды.
Жарыстың қорытындысы бойынша жалпы командалық есепте І орынды №5 Хромтау гимназиясы, ІІ орынды №4 Хромтау орта мектебі, ал ІІІ орынды №6 Хромтау гимназиясы иеленді.
Сонымен қатар, волейбол, тоғызқұмалақ және шахмат бойынша ерлер мен әйелдер арасында үздік спортшылар анықталды.
Спартакиаданың қорытынды бөлімінде жеңімпаз командалар мен жүлдегер ұстаздарға Хромтау аудандық білім бөлімі мен білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының атынан грамоталар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Бұл дәстүрлі шара ұстаздардың кәсіби бірлігін нығайтып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға және спорт арқылы жігер мен достықты дәріптеуге бағытталды.
-
Фото
-