ӨЗ ІСІНІҢ ШЕБЕРІ
Ұстаз еңбегі – ұрпақтың бойына ізгілік пен парасат нұрын дарыту.
Осы ұлы міндетті абыроймен атқарып жүрген ұлағатты ұстаздардың бірі – Ешпанова Замзагүл Сатығалиқызы.
Замзагүл Ешпанова еңбек жолын “Рауан” көпсалалы колледжінде физика және информатика пәндерінің мұғалімі ретінде бастаған кейін Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетте техникалық қадағалау маманы болып бірнеше жыл қызмет атқарды. Қазіргі таңда ол Хромтау ауданы Табантал орта мектебінде физика және информатика пәндерінің мұғалімі.
Жас маман кезінен-ақ Замзагүл Ешпанова өз ісіне үлкен жауапкершілікпен қарап, ұстаздық қызметті кәсіби шеберлікпен ұштастыра білді. Ол заман талабына сай білім беру үдерісін жетілдіру мақсатында инновациялық технологияларды, соның ішінде STEM, робототехника және цифрлық педагогика элементтерін сабақ барысында тиімді қолдануда.
2012 жылдан бері аудандық және облыстық деңгейдегі педагогикалық оқулар мен ғылыми-тәжірибелік конференцияларға белсене қатысып, өз тәжірибесін әріптестерімен бөлісіп келеді. Оның әдістемелік мақалалары мен тәжірибелік ұсыныстары бірнеше жинақтарға енген.
2021 жылы Замзагүл Сатығалиқызына «Педагог-шебер» санаты берілді. Сондай-ақ ол педагогтардың кәсіби дамуы мен үздіксіз өсуін қолдайтын фасилитаторлар желісінің белсенді мүшесі. Ұстаздың жетекшілігімен оқушылары «Зерде», «Дарын», «Табиғатты аяла», «ProEco» сынды республикалық ғылыми жобалар мен байқауларда жүлделі орындарға ие болып жүр.
Көп жылғы еңбегі мен білім беру ісіне қосқан үлесі үшін ол облыстық білім басқармасы мен аудандық білім бөлімінің Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарына ие болған.