ЖАС КЕЛСЕ - ІСКЕ
Қазіргі заман – жаңашылдық пен ізденістің дәуірі. Осы кезеңде білім беру саласына тың леп әкеліп, жаңа көзқарас, жаңа әдіс қалыптастырып жүрген жас ұстаздар қатары артып келеді.
Солардың бірі – Ақтөбе облысының Шалқар қаласындағы №8 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, шығармашыл ұстаз, тіл жанашыры Мапутова Мәншүк Амантайқызы.
Мәншүк Мапутова 1994 жылы Ақтөбе облысы Шалқар қаласында дүниеге келген. Анасының ұстаздық жолын жалғаған ол бала күнінен ұстаз болуды армандап өсті. 2011 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне түсіп, қазақ тілі мен әдебиетінің қыр-сырын меңгеріп, 2014 жылы «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығын тәмамдайды. Алғашқы еңбек жолын өзі түлеп ұшқан І.Үргенішбаев атындағы орта мектептен бастап, қазіргі уақытта №8 мектеп-гимназияда жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беріп келеді.
Мәншүк Мапутова – уақыт талабына сай, заманауи технологияларды еркін меңгерген, білім мен руханиятты ұштастыра білген ұстаз. Әр сабағын шығармашылық шеберханаға айналдырып, оқушыларды ойлануға, ізденуге, пікір айтуға баулиды. Оның әр сабағы – тек білім көзі емес, рухани тәрбие мен адамгершіліктің ордасы.
Ұстаздың шәкіртпен тіл табысып, оның жүрегіне жол таба білуі – нағыз шеберлік. Бұл қасиет Мәншүк Амантайқызының бойында айқын көрініс тапқан. Ол әр баланың жан дүниесін түсініп, бойындағы мүмкіндігін аша біледі. «Білім беру – жай ғана ақпарат жеткізу емес, жүрекпен сезініп, жанға шырақ жағу» деген ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырған.
Жас ұстаздың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша облыстық педагогикалық олимпиадада І орын, облыстық эссе жазу байқауында ІІ орын иеленген. Сонымен қатар оқушылардың оқу сауаттылығын дамыту бағытында өткізілген облыстық семинар-тренингтерде жоғары кәсіби шеберлік танытып, бірнеше Алғыс хаттармен марапатталған. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған облыстық семинарда тәжірибесімен бөлісіп, әріптестері арасында зор құрметке ие болды.
Мапутова Мәншүк Амантайқызы үшін ұстаздық – тек мамандық емес, жүрек қалауы. Ол әр сабағында шәкірттің өмірге деген қызығушылығын арттырып, арман мен мақсатқа жетелейді. Шәкірттеріне тек білім ғана емес, адамдық қасиет, рухани тазалық, мейірім мен ізгілікті дарыту – оның басты мұраты.
Жас ұстаздың бойындағы жігер мен жалын, білім мен ізденіс, махаббат пен мейірім – болашаққа деген сенімнің көрінісі. Осындай ұстаздар барда қазақ мектебінің мәртебесі биіктеп, ұлттың рухани қуаты арта бермек.