АУДАНДА БАСТАУЫШ СЫНЫП МҰҒАЛІМДЕРІНІҢ ҮЗДІГІ ТАҢДАЛДЫ
Ақтөбенің Мұғалжар ауданында бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін айқындауға бағытталған «Үздік бастауыш сынып–2025» байқауы өтті. Биылғы сайысқа ауданға қарасты мектептерден 25 тәжірибелі де шығармашыл педагог қатысып, өз кәсіби біліктілігін ортаға салды.
Байқау ережесіне сәйкес қатысушылар «Табысты ұстаз» және «Сабақ үлгісін қорғау» кезеңдері бойынша сынға түсті. Әр мұғалім педагогикалық шеберлігін, жаңашыл әдістерін және оқытудағы нәтижелі тәжірибесін көрсетіп, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болуға ұмтылды.
Сайыс нәтижесінде бас жүлде Ембі қалалық №3 жалпы білім беретін орта мектептің мұғалімі Гүлжанар Асқароваға бұйырды. Ол облыстық кезеңге жолдама алып қана қоймай, аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподағы атынан Сарыағаштағы шипажайға жолдамаға ие болды.
Байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлер дипломдармен, түрлі номинациялармен және Алғыс хаттармен марапатталды. Сонымен қатар, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымы барлық қатысушыларға арнайы сыйлықтар табыстады.
Бұл байқау ұстаздардың кәсіби дамуына серпін беріп, бастауыш сынып мұғалімдерінің тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасады.