БАСТАУЫШ СЫНЫПТЫҢ ҮЗДІК МҰҒАЛІМДЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
Ақтөбе облысының Байғанин, Хромтау, Қобда және Қарғалы аудандық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы ұйымдарының қолдауымен «Үздік бастауыш сынып мұғалімі – 2025» ауданаралық байқауы ұйымдастырылды. Жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл шараның негізгі мақсаты – ұстаздық мамандықтың қоғамдағы рөлін айқындау, педагогтердің кәсіби беделін арттыру, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл мұғалімдерді анықтау және қолдау. Сонымен қатар байқау білім саласында өзара тәжірибе алмасуға, бәсекелестік орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Байқау барысында қатысушылар кәсіби шеберлігін, педагогикалық әдіс-тәсілдерді меңгеру деңгейін, жаңартылған білім беру мазмұнын қолдану тәжірибесін, шығармашылық әлеуетін жан-жақты көрсете білді. Әр мұғалім ұсынылған тапсырмалар бойынша ашық сабақтар өткізіп, инновациялық әдістерді тиімді пайдаланудағы біліктілігін дәлелдеді.
Барлық қатысушылар аудандық білім бөлімдерінің алғыс хаттарымен және аудандық кәсіподақ ұйымдарының сыйларымен марапатталды. Бұл – әр педагогтың еңбегіне көрсетілген құрмет пен қолдаудың белгісі.
Байқау нәтижесі бойынша үздік деп танылған мұғалімдер облыстық кезеңге жолдама алып, өңір намысын қорғауға мүмкіндік алды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, қатысушылардың кәсіби дайындығы жоғары деңгейде болып, биылғы байқау ерекше белсенділікпен өткен.
Шара соңында кәсіподақ ұйымдары мұндай байқаулар алдағы уақытта да жалғасын табатынын, мұғалімдерді ынталандыру мен қолдау бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілетінін атап өтті.
-
Фото
-