ЖАС КЕЛСЕ – ІСКЕ
Бүгінгі білім беру жүйесінде жаңашылдыққа, креативті ойлауға және кәсіби икемге ие жас мамандардың үлесі артып келеді. Солардың бірі – Ырғыз гимназиясының ағылшын тілі пәні мұғалімі Перизат Ғабитқызы. Қысқа уақыт ішінде өз ісінің шебері атанып, заманауи әдістемелерді тиімді қолданатын ұстаз ретінде ол аудан ұстаздарының қатарынан ерекшеленіп отыр.
Перизат Ғабитқызы 2022 жылы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде «Шетел тілі: екі шетел тілі» және «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандықтары бойынша «Қос диплом» бағдарламасын аяқтап, төрт жыл ішінде екі тілдік бағыттағы жоғары білім иесі атанды.
2022 жылдан бері Ырғыз гимназиясында еңбек етіп келе жатқан жас педагог оқушылардың тілдік құзыреттілігін қалыптастыруда заманауи тәсілдерді кеңінен қолданады. Сабақтарында ойын технологияларын, коммуникативтік әдістерді, интерактивті тапсырмаларды үйлестіре отырып, оқушылардың сөйлеу белсенділігін арттыруға басымдық береді.
Перизаттың креативті сабақтары мен ерекше әдістемелік тәсілдері TikTok әлеуметтік желісінде кең танымалдыққа ие болып, көпшіліктің қызығушылығын тудырып жүр. Оның контенті жас педагогтарға шабыт беріп, әдістемелік тұрғыда қолдау көрсететін материал ретінде таралып келеді.
Перизат Ғабитқызы педагогикалық сайыстар мен олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болып, «Жас ұстаз – 2025» аудандық байқауында Бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Алғыс хатымен марапатталған.
Жас ұстаздың басты кәсіби ұстанымы – «Әр оқушыға тіл арқылы жаңа әлемнің есігін ашу». Ізденімпаздығы мен шәкірттерге деген жауапкершілігі оның еңбегін әріптестері де, ата-аналар да, оқушылар да жоғары бағалауына себеп болып отыр.