ОҚУ-ТӘРБИЕ ҮДЕРІСІН ЖЕТІЛДІРУ
Әдістемелік қолдау мен педагогтердің кәсіби дамуын арттыру – бүгінгі білім беру жүйесінің басты басымдықтарының бірі. Осы бағытта Түркістан облысындағы М.Қашғари атындағы мектеп-лицейінде «Оқу-тәрбие үдерісін тиімді басқару: даму, мүмкіндіктер және тәжірибе» тақырыбында қалалық семинар болып өтті. Іс-шараға Кентау қалалық білім бөлімінің әдіскері Ғ. Қалымбетова, қала мектептерінің директор орынбасарлары мен мұғалімдері қатысып, басқару мен оқу үдерісін жетілдіруге бағытталған өзекті мәселелер талқыланды.
Семинар барысында Алматы қаласындағы inVision U университетінің қабылдау бөлімінің директоры Н.Қ. Омарбеков «Альфа буыны: Кім? Не? Қалай?» тақырыбында мазмұнды баяндама жасап, жаңа буын өкілдерінің ерекшеліктері мен олармен тиімді жұмыс жүргізу жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Т. Маменов «Тиімді менеджмент – сапалы білім кепілі» баяндамасында оқу үдерісін басқарудағы нәтижелі тәсілдерге тоқталды.
Секциялық жұмыстар барысында мектеп-лицейдің директор орынбасарлары Д. Азизова, А. Сайфуллаева, педагогтер Ф. Эрметова, Ф. Абсаттарова, Ш. Таштемирова, Б. Курбанов өздерінің іс-тәжірибелерін ұсынып, оқу-тәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыруға бағытталған әдістермен бөлісті. Әр секцияда білім сапасын арттыруға әсер ететін инновациялық шешімдер мен тәжірибелік ұсыныстар талқыланды.
Семинардың қорытынды кезеңі Teacher TALKS «Ұстаз – ұлт айнасы» форматында жалғасын тапты. Бұл бөлімде педагогтер Н. Хабибуллаев, Ф. Бабаханова, З. Амин, С. Қамбарбекова өздерінің педагогикалық тәжірибесімен TDEX форматында бөлісіп, тың ойлар ұсынды. Қалалық семинар жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар тарапынан оң бағасын алды. Іс-шара мұғалімдерге кәсіби серпін мен жаңа идеялар сыйлады.
-
Фото
-