ШАРШЫ ТАҚТАДА – АРДАГЕР МҰҒАЛІМДЕР
Жуырда облыстық ұлттық гимназияда ардагер мұғалімдер арасында шахматтан облыстық турнир өтті. Жарысқа Атырау қаласы және Қызылқоға, Мақат, Құрманғазы, Исатай, Индер аудандарынан келген командалар қатысты. Турнирдің ашылу салтанатында жарысты ұйымдастырушылар атынан Сатқан Есенғалиев, Нұрлыбек Даумов және Зылиха Дүйсекеновалар сөз сөйлеп, қатысушыларға сәт сапар тіледі.
Ойынға қатысушылар гимназияның екінші қатарында күні бұрын дайындалған тақталарға екі-екіден орналасып, турнирді бастап кетті. Турнирдің жүру барысын қазылар алқасы бақылап, ойын қорытындысын шығарды. Ардагер ұстаздар арасында болған ойын қызықты әрі тартысты өтті. Жабылу салтанатында білім саласы ардагерлер кеңесінің төраға орынбасары Сатқан Есенғалиев қорытынды сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға шынайы алғыс айтып, Алғыс хаттар табыстады. Турнир қорытындысымен Атырау қаласының командасы – бірінші, Мақат ауданы – екінші, ал үшінші орынды – Қызылқоға ауданының командалары иеленді.
Жекелеген қатысушылар үздік ойын көрсеткендері үшін дипломдармен марапатталды. Сондай-ақ, аталған турнирді ұйымшылдықпен өткізуге атсалысқан қалалық, аудандық білім беру бөлімдеріне және гимназия әкімшілігіне қошамет білдірілді. Спорт жарысының соңы гимназия оқушыларының көңілді концертіне ұласты.
Жарыс жеңімпаздарын марапаттауға «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігі демеушілік жасады.
Атырау облыстық ұйымы